Түркістан облысы: Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылында екі канал күрделі жөндеуден өткізіледі

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Жиделі ауылында жаңадан пайдалануға берілген Мәдениет үйінде тұрғындармен есептік кездесу өткізді.

«Өздеріңізге белгілі, қала әкімдігінің жүйелі жұмысы нәтижесінде жиделіліктер «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздықты азайту. Сондықтан, мемлекет ұсынған жеңілдікті пайдаланып, ауылды дамытуға үлес қосуға шақырамын», — деді Гүлжан Мамытқызы.

Еске салайық, Арыс қаласы бойынша бұл бағдарламаны алғашында пилоттық режимде Ақдала, Дермене ауыл округтерінде іске асыру жоспарланған болса, қала әкімдігінің ықпалымен аталған бағдарлама Қожатоғай, Байырқұм, Жиделі ауылдары қосылған. Осыған орай, қалалық Сәулет және қала құрылысы, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Жер қатынастары бөлімінің басшылары мен мамандарынан құралған топ өкілдері Ақдала, Дермене ауылдық округтары мен аумағындағы елді мекендерді аралап шықты.  Онда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алатындығы және техниканы лизингке рәсімдеуге болатындығы түсіндірілді. Бұдан бөлек, үй іргелік және кәсіпкерлік нысан жерін заңдастыру мен жеке кәсіпті дамытуға қатысты қолдау, көмек шаралары туралы дербес бөлім басшылары мен сала мамандары тарапынан әр азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжаттарды рәсімдеуде нақты көмектер мен кеңестер берілді. 

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында  өңірімізге 19,8 млрд. теңге бөлінді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасының 6 бағыты бойынша (Тұрғындардың өз кәсібін ашу) 978,8 млн. теңгеге 129 жоба қаралуда.

«Ауыл аманаты» бойынша азаматтарды кәсіпкерлік бағытқа баулу мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен арнайы құрылған жұмыс тобы өз жұмысын бастады. Облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеровтің бақылауымен жұмыс тобы тамыз айынан барлық аудан және қалаларды аралайтын болады. Топ құрамында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «Ырыс» қаржы институтарының өкілдері бар.

Жұмыс тобының негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасының 6-бағыты, яғни кәсіпкерлік бағытқа баулу, қаржылай қолдау шараларын оларға кеңінен түсіндіру.

Жұмыс тобының алғашқы кездесулерін өңіріміздің Сауран, Созақ, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалаларынан бастады.

Жұмыс топбының тұрғындармен кездесуінде кәсіпкерлік мақсаттағы профнастил, тері және жүн өнімдерін қайта өңдеу, газоблок, шлакоблок және лего кірпіш өндірісі, сабын, сұйық сабын өндіру, жиһаз жасау, ағаш цехын ашу, құрылыс қолғаптары өндірісі және құрылыс материалдарын дайындау сынды жобалары талқыланды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының араласуымен пайдасы және шығыны есептелген кәсіпкерлік мақсаттағы 50 әлеуеттік бизнес жоба кәсіпкерлер назарына ұсынылды.

Жұмыс тобы жиында көтерілген әрбір жобаны тізімге алып, оларды қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдейтін болады. Жиын соңында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары кәсіпкерлерді кіші өндірістік жобаларды бастауға, ауыл шаруашылығынан басқа табыс табудың қосымша көздерін ашуға шақырып, бағдарлама шеңберінде қолдау көрсетілетінін тағы бір ескертті.

Кәсіпкерлермен өткен бұл кездесу атқарушы билік пен бизнес арасындағы есеп беру түрінде емес, қаржылай қолдау алу процесі егжей-тегжейлі талқыланған, жүйелі проблемалық мәселелер ортаға салынған кездесу түрінде өткенін атап өткен жөн.

Жалпы, Арыс қаласының Ауыл шаруашылығы саласында биыл жоба құны 8 млрд. теңгені құрайтын «TURKESTAN AGRO.KZ» компаниясы 50 мың ірі қара малды бордақылау үшін алаң ашуды жоспарлап отыр. «KAZPLEMZAVOD» компаниясы 10 мың бас ірі қара малды өсіруді және көбейтуді қолға алды «KING MILK» компаниясы Түйе сүтін қайта өңдеу жобасын іске асырды. Ұнтақталған өнім шығарып, оны экспорттайды. «DERMENE AGRO GROUP» компаниясы Балық өсіру, көбейту жобасын іске асыруда. Жоба құны 50 млн. теңгені құрайтын бұл компания 50 мың сазан өсіріп, балық шаруашылығын дамытып отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 бағыт бойынша тұрғындардың 2,5 пайызбен несие алуы 5 ауылдық округте іске асырылуда. Сондай-ақ мал бордақылау, сүт өндіру бағытында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивтері құрылды. Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Ақдала, Дермене ауылдық округінен 81 жоба қабылданып, 300 млн. теңгеге 63 жоба қаржыландырылды.

2023 жылы Жиделі мен Аққаланың ішіне газ жүйесінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген.

«Бастысы биыл — Жиделі, Аққала, Байырқұм, Көкжиде елді мекендеріне дейінгі газ құбырының құрылысы басталады. Сәтін салса, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ауылдық округтер арасында көгілдір газ бірінші болып сіздерге қолжетімді болмақ» — деп сүйіншіледі Гүлжан Мамытқызы.

Ауылда өткен жолғы кездесуде көтерілген ортақ жайылым жер мәселесі шешімін тауып келеді. Биыл Аққала елді мекенінде ортақ жайылым 1000 гектар жерге ұлғайтылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға қосу мақсатында конкурс өткізіліп, Байырқұм ауылдық округінен 104,8 гектар жер қайта айналымға қосылған.

Сондай-ақ, Жиделіде екі каналды күрделі жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Қазіргі таңда «3-К-1» және «3-К-3» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін бірінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыға сұраныс беріліп қойылса («3-К-1»), екінші каналдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бұдан бөлек, Жиделі елді мекенінен спорт комплексін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, республикалық бюджетке ұсыныс енгізілген. Алдағы уақытта тиісті қаржы бөлінгенде, оның да құрылысы басталмақ.

Жиында жиделіліктер Мәдениет үйінің салынуына ризашылығын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Мәдениет үйі демекші, бүгін Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылында жаңа мәдениет үйі мен кітапхана комплексінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысанның ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және ауыл тұрғындары қатысты.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ауыл тұрғындарын заман талабына сай бой көтерген мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады. Қала басшысы көптен күткен рухани орыннан болашақта әлемге танымал өнерпаздар шыға берсін деген тілегін білдірді. Одан кейін жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты.

Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өнерпаздардың әнімен әрленді. Ауыл ақсақалдары батасын беріп, құшағынан аналық мейірім аңқыған әжелер мәз-мейрам болып, шашу шашты. Олар қала басшылығына алғыстарын айтып, мерекелік даталарды атап өтетін, ән тыңдап жан сергітер шаңырақтың ашылғанына бек қуанышты екендерін жеткізді.

«Жаңа Мәдениет үйі ауылымыздың жалынды, өнерлі жастары үшін керемет тарту. Өтінішімізді елеп, еңселі нысанның бой көтеруіне атсалысқан баршаға ризашылығымызды білдіреміз», — дейді ауыл ақсақалы Сабырхан Беков.

Айта кетейік, өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағы 2 қабаттан тұрады. Аумағы 734,35 шаршы метрді құрайды.

Мұнда барлық жағдай жасалған, жылу, су жүйесі орталықтандырылған. Көрермен залы, хореография бөлімі, түрлі үйірме класстары мен гардероб, қызметкерлер кабинеттері бар. Ал екінші қабатында кітапхана орналасқан. Мұнда оқу залы, компютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Айта кетсек, ғимараттың құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр мамырда басталып, қазіргі уақытта жұмыстар толығымен аяқталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.