Түркістан облысы: Жетісай ауданында озық педагогикалық тәжірибені тарату мен енгізу бойынша мобильді топ отырысы өтті

Жетісай ауданының білім бөлімінің жоспарына сәйкес «Алпамыс батыр» МКҚК бөбекжай бақшасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда озық педагогикалық тәжірибені тарату мен енгізу бойынша құзыреттілік орталықтарға құрылған аудандық мобильді топ отырысы өтті.

Жиында аудан көлеміндегі мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің озық педагогикалық тәжірибелерін жинақтау, сапасын бақылау, таратуға ұсыну мәселелері талқыланып, құнды ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ «Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды ұлттық тәрбие құндылықтарымен дамытушы орталықтарда тәрбиелеу негіздері» тақырыбында өтетін облыстық тәжірибелік семинардың бағдарламасы талқыланып, мобильді топ мүшелері жетекшілікке бөлініп, балабақшаларға әдістемелік көмек көрсетуді жоспарлады.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, бөлім әдіскері А.Нұралиева «Алпамыс батыр» тірек бөбекжай бақшаның әдістемелік жұмыстарымен танысып, бақшаның 7 тобын аралап, ұйымдастырылған іс-әрекеттерге енді. Отырыста мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері арасында өткізіліп жатқан республикалық, облыстық байқаулардың аудандық кезеңінің өткізілуі, материалдардың талапқа сәйкес келуі туралы талқыланды. Сонымен қатар, жуырда өткен «Жаңа мектеп — жаңашыл ұстаз» байқауының облыстық кезеңіндегі жетістікке жеткен педагогтерді құттықтап, алғыс білдірді.

Айта кету керек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің мәліметінше, биылдың өзінде еліміздің аймақтарында 1500 орынға арналған 13 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін жаңа балабақшалар ашу және оның желісін кеңейту арқылы 77 мыңға жуық орынға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Соңғы бес жылда балабақшаға жолдама алу үшін кезекте тұрғандар саны екі есеге қысқарды. Бүгінде 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту 91 пайызды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 92,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — дейді департамент директоры Манар Адамова.

Елімізде барлығы 1 миллионға жуық баланы қамтитын 11 346 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Республика бойынша барлығы 10 898 балабақша бар. 

Мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған барлық бала саны — 937,8 мың бала.

1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар– 84,7%-ын қамтиды, оның ішінде 3-6 жастағы балалар 98,9%-ын қамтиды.

Мектепке дейінгі білім саласында жұмыс істейтін педагогтер саны — 97,7 мың адам.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin