Түркістан облысы: Келес ауданында биыл 600 орындық жайлы мектеп пайдалануға беріледі

Өткен жылы Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық білім ұясының құрылысы басталған. Ауданға іссапары барысында облыс басшысы Дархан Сатыбалды мектептің құрылыс қарқынын көрді.

Білім ордасы «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен салынып жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстарын «КДСМ» ЖШС жүргізуде. Жер көлемі – 3,85 гектар. Жоба құны – 5,6 миллиард теңге. Нысанды биыл аяқтау көзделіп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100 мектеп салу жоспарланған. Оның 63-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеру үстінде.

Нақтылай түссек, биыл Түркістан облысында биыл 29 жайлы мектептің құрылысы аяқталады. Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Түркістан облысы әкімі осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесін ұдайы назарда ұстап отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырған. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеді. «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет», – дейді Дархан Сатыбалды.

Қазіргі таңда 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған. Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапары барысында Абай ауылында бой көтеріп жатқан спорт нысанының құрылыс алаңында да болды. Онда жүргізіліп жатқан жұмыс барысын бақылап, мердігермен кездесті.

– Әр аудан, қаладағы ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда тұр. Спорт нысаны жоспардағыдай салынып жатыр. Осы қарқында жалғастырыңыздар. Бұл нысанда жастар спортпен шұғылданады. Дені сау ұрпақ – болашаққа салынған басты капитал, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Келес ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС жүргізуде. Жалпы аумағы – 0,50 гектар. 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Келес тұрғындарымен кездесуінде көпшілік тарапынан аудандағы көне көпірдің жағдайы айтылған болатын. Ел тілегі ескеріліп, өңір басшысы ол мәселені шешіп берді. Жауапты тұлғаларға берілген нақты тапсырмалар аясында 10 елді мекенді байланыстыратын апатты жағдайдағы көпір толық жаңартылып жатыр. Облыс әкімі бұл сапарында Келес ауданы Жаңадәуір елді мекеніндегі көпірдің құрылысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Әкім жүргізіліп жатқан су арнасының жағалауын нығайту бойынша халықтың ой-пікірін тыңдады. Соған сәйкес «Тұран су» мекемесінің басшылығына нақты тапсырмалар берді. Қауіпсіздікті басты назарда ұстауды ескертті.

КХ-21 «Бесқұбыр – Жамбыл – Жүзімдік – Жаңадәуір – А15» автожолындағы көпірге бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 54 метрден асатын көпірдің құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Ол үшін облыс бюджетінен 288 176 мың теңге қаражат бөлінді.

«Корпорация Береке А» ЖШС мердігер компаниясы құрылысты биыл аяқтайды деп жоспарланған. Облыс басшысы көпірдің сапасына мән беруді тапсырды. Тұрғындар талабын ескеруді жүктеді.

Өңір басшысының жұмыс сапары Жүзімдік елді мекенінде жалғасты. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының Оймауыт су бөгетінің жағдайымен танысқан өңір басшысы апатты жағдайдың алдын алу бойынша жұмыстарды қатаң қадағалауды тапсырды.

Су бөгеті 1986 жылы пайдалануға берілген. Су өткізу қабілеті – 285 м3/сек. «Сейсмоқорғау» ЖШС тарапынан зерттеліп, пайдалануға жарамсыз және апатты жағдайда деп танылған. Бөгеттің қайта құру жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, биыл сараптаманың оң қорытындысын алу күтіліп отыр.

Жоба жүзеге асса, қауіптің алдын алуға мүмкіндік туады. Яғни төтенше жағдайлар болу қаупі жойылады. 2,5 мың гектардан астам суармалы егіс алқабын ағын сумен қамту жақсарады.

Айта кетейік, жалпы ауданда аумағы 670 мыңдай шақырымды құрайтын 148 каналдың 58 мыңдай шақырымы бетондалған. Сондай-ақ ұзындығы 400 шақырым болатын 144 қашыртқы тіркелген. Ауданда «Ақылбексай» су қоймасы бар. Коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру арқылы суармалы жер қайта айналымға қосылып, егістік алқаптарға су беру мүмкіндігі жақсарады. Сондай-ақ сапар аясында ауданда «Үш ағаш» су қоймасын салу мәселесі де талқыланды. Жаңа су қоймасы суармалы жер көлемін арттырып, балық шаруашылығын дамытуға сеп болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin