Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында «Жайлы мектептің» құрылысы қарқынды

Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек елді мекенінде 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қазіргі таңда нысанның іргетасын, бетон қабырғалары және бетон жабындарын құю жұмыстары толығымен аяқталып, бірінші қабат ұстындарына (колонасына) пішін орналастыру және кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев білім ошағының жұмыс барысымен танысып, бүгінгі күнге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарының жағдайын саралай отырып, жауапты мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді.

Айта кетсек, ​«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша ауданда  10 жайлы мектеп салу жоспарланған. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында құрылыс жұмыстары Телемұнара шағынауданында 900 орындық және Б.Оспанов көшесінің бойынан О. Сүлейменов атындағы 300 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Самал-3 мөлтек ауданынан 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Атап өтк керек, биыл – «Жайлы мектеп» жобасының ең басты кезеңі. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл Қазақстанда 208 мектеп салынып бітіп, пайдалануға берілуі тиіс. Жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction мәліметінше, 2023-2025 жылдар жобаның ең негізгі кезеңі саналады. Бұл кезеңде: 2024 жылы — 208 мектеп; 2025 жылы 151 мектеп пайдалануға берілмек. 

Сәйкесінше, 2023-2025 жылдары республика бойынша жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынып, 740 мыңға жуық оқушы орны ашылады.

Бұдан бөлек, 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ал 9 мектеп дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы салынады.

2023-2025 жылдары республика бойынша: 

Түркістан облысы – 63 мектеп

Алматы облысы – 53 мектеп

Астана қаласы – 24 мектеп

Алматы қаласы – 22 мектеп

Қызылорда облысы – 21 мектеп

Маңғыстау облысы – 21 мектеп

Ақмола облысы – 18 мектеп

Ақтөбе облысы – 18 мектеп

Қарағанды облысы – 18 мектеп

Шымкент қаласы – 18 мектеп

БҚО – 18 мектеп

Атырау облысы – 12 мектеп

Жамбыл облысы – 12 мектеп

Абай облысы – 11мектеп

ШҚО – 10 мектеп ашылады. 

Орайы келгенде назар аударар жайт, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: жаңа құрылыс тетігі әзірленді. Мәселен, биыл ақпан айының соңындағы Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру барысы қаралды. Тақырып бойынша оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов баяндама жасады. 

Атап айтқанда, Ғани Бейсембаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы баяндады.

«Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаны іске асырудың барлық кезеңіне бақылау жүргізіп, үйлестіруде. Осы мақсатта әр апта сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары өткізетін жедел кеңестерде оның орындалу барысы қаралып, аптасына екі рет ведомствоның жобалық кеңсесінің отырыстарында барлық өңірдің қатысуымен проблемалық сұрақтар үйлестіріліп отырады»,  деді министр.

Бұдан басқа Оқу-ағарту министрлігі ҚР Президенті Іс басқармасы әзірлеген «Битрикс» ақпараттық жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде құрылыс жұмыстарына, орындалған жұмыстардың көлеміне күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.

Жалпы ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындары тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады. Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге бөлу көзделген. Оның ішінде былтыр «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылды.

Оқу-ағарту министрлігі заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті. Атап айтқанда:

  1. 7 мектепті жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді;
  2. эргономиканың талаптарына сай, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді;
  3. бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитариялық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды;
  4. заманауи техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді;
  5. ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды;
  6. мектептерді заманауи пән кабинеттерімен жабдықтау талабы енгізілді;
  7. оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.

Былтыр қазан айында Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізді. Оған сәйкес:

  • жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынатын болады;
  • мектеп құрылысында, оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын ала келісімшарт жасау тәсілін қолданылады.

Ұлттық жоба, ең алдымен, білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі:

  • «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында жайлы мектептер үшін жаңа буын директорларының корпусын іріктеуді қолға алды;
  • жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжірибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтар базасы қалыптастыруда;
  • еліміздің жетекші мектептерінің тәжірибесі негізінде оқу процесінің мазмұнын жетілдіруге бағытталған білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі әзірленуде.

Жайлы мектептердің құрылысы 3 тәсіл арқылы жүзеге асырылады:

  1. «Samruk-Kazyna Construction» арқылы мектептердің нысаналы құрылысын салу;
  2. әкімдіктердің жеке инвесторлардан дайын ғимараттарды тауар түрінде сатып алуы – 9 мектеп;
  3. мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептер салу;

«Министрлік ұлттық жобаны іске асыруға жеке инвестициялар тарту мақсатында мектеп салудың жаңа 4-ші тәсілін әзірледі. Бұл тәсіл жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асырылады», — деді Ғани Бейсембаев.

4-ші тәсілді іске асыру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы және кейінге қалдырылатын міндеттемелер есебінен бюджетке жүктеме азаяды және құрылыстың қымбаттау тәуекелдері болмайды. Инвесторларды іріктеуді әкімдіктер конкурстық негізде жүзеге асыратын болады. Министрдің айтуынша, ұлттық жобаны іске асыру – Оқу-ағарту министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ұлттық жобаға сәйкес мектептер салу және оларды уақытылы қолданысқа беру «Samruk-Kazyna Construction» компаниясын жер учаскелерімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өңір әкімдеріне жүктелген.

Өткен жылы «Samruk-Kazyna Construction» 208 мектепті жобалауды және салуды бастады, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері биыл 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр. Қазіргі ақпарат бойынша жаңа оқу жылы басталғанға дейін 98 объектіні, қалған 110 объектіні 2024 жылғы 15 желтоқсанға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынын ескере отырып, біз ұлттық жобаны сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Ол үшін барлық мемлекеттік орган мен ұйым Ұлттық жобада қойылған нақты міндеттерді сапалы орындауы қажет», — деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Әрі қарай «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов баяндама жасады. Оның айтуынша, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы Қаулысымен мектептердің 7 түрі бойынша жобалауға тапсырмалар бекітілді. «Samruk-Kazyna Construction» мектептерді жобалау және құрылысы бойынша жұмыс жүргізуде.

Бірінші кезеңде 208 мектеп салу жоспарланған. Қазіргі кезде мектептерді жобалау жұмыстарына 208 шарт бекітілді. 208 жобаның ішінен 9 жоба бойынша мемлекеттік сараптамасың оң қорытындысы алынды. 199 жоба бойынша 56 жоба сараптамадан өтіп жатыр. 19 жоба – жинақтау сатысында, 104 жобаны осы жылдың 29 ақпанына және 20 жобаны 31 наурызына дейін порталға жүктеу жоспарланып отыр. 

Нұрлан Жақыпов жобалау мерзімін ұзартудың негізгі факторларын атап өтті.

«Бұл – құрылыс компанияларымен консорциумдағы жобалау ұйымдары ұсынатын жоғары сметалық құн. Мысалы, жалпы сомасы 424 миллиард теңге құрайтын 41 жобаның құны “Samruk-Kazyna Construction” жасаған оңтайландырудан кейін 105 миллиард теңгеге түсті. 2024 жылғы 1 қыркүйекке қарай 98 мектепті тапсыру жоспарланып отыр, қалған 110 мектепті 2024 жылғы 15 желтоқсанға қарай тапсыру жоспарлануда», — деді ол.

Бұған дейін бірқатар компания тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігін көрсеткен болатын. Мәселен «BI Global» компаниясы Астана қаласындағы 2 000 орындық нысан қорабын 3 ай ішінде 24/7 режимінде тұрғызды.

Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсыру мерзімін тежейтін факторлардың қатарына облыс орталықтарына дейінгі бірқатар объектінің алыста орналасуы жатады. Мәселен, 18 мектеп облыс орталықтарынан 300-580 шақырым қашыта орналасқан, оны құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жұмыс күшін жеткізу кезінде ескеру қажет.

«Біз мердігерлік ұйымдармен бірнеше рет келіссөздер жүргіздік. Консорциум жетекшілері тарапынан объектілерді белгіленген мерзімде аяқтауға түсіністік пен дайындық бар. Кейбір әкімдіктер Үкіметінің қаулысында белгіленген жер учаскелерін уақытылы беру бойынша міндеттемелерін әлі орындамады. Бүгінгі таңда 1-ші кезеңде қарастырылған 208 учаскенің 5-і шешілмеген», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы.

Ұлттық жоба қағидаларына сәйкес өңірлер әкімдіктері жайлы мектептерді инженерлік-коммуникациялық және қоғамдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге міндетті.

Бүгінгі таңда 208 нысанның 11-інде қажетті инфрақұрылым бар. Бұл ретте 1-ші кезеңдегі мұқтаж болған 197 нысанның тек 53-і ғана бойынша сыртқы желілерді жүргізуге мердігерлер анықталды. Қалған объектілер бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жобада инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша жеделдетілген сатып алу үшін әкімдерге бір көзден сатып алу нормасын қолдана отырып, дербес жедел шешімдер қабылдау құқығы берілді.

Жиһаз өнімдерін тек отандық тауар өндірушілерден сатып алу қамтамасыз етіледі. Ұлттық жобада мектеп құрылысында негізінен отандық материалдарды қолдану бойынша нақты шаралар көзделген. Мәселен, 2 000 орындық мектептің үлгілік жобасындағы жергілікті қамту деңгейі шамамен 71%-ды құрайды.

2024 жылға арналған алдын ала есептеулер бойынша 208 мектептің құрылысы үшін негізгі құрылыс материалдары мен жабдықтарының жалпы қажеттілігі: цемент – 700 мың тонна; арматура – 300 мың тонна; қасбеттерді қаптау материалдары – 1,18 миллион шаршы метр; кабельдік-өткізгіш өнімдер – 14,1 мың км; жарықтандыру өнімдері – 437 мың; электрлік техникалық және төмен токты жабдықтар – 364 мың; жиһаз өнімдері – 990 мың.

«Ұлттық жобаны уақтылы іске асыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданады», — дейді Нұрлан Жақыпов.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin