Түркістан облысы: Сауран ауданындағы мектептерде тәрбиелік мәні зор әкелер кеңесін құру мәселесі көтерілді

Сауран ауданындағы «Югнаки» жалпы орта мектебінде адами әлеуметті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ауданның ата-аналарының жиналысы болып өтті. Ондағы мақсат — аталған аудан көлеміндегі барлық мектептерде әкелер кеңесін құру.

Ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әкелер мектебі» ендігі жерде білім ошақтарында әкелер мектебін құру арқылы отбасы кұндылығын сақтау, әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға күш салмақшы. Отбасындағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыра отырып, ер балаларды ұлттық рухта тәрбиелеп, әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді насихаттап, санасына сіңірудің тәрбиелік мәні зор екені қатысушылар тарапынан жан-жақты дәйекті түрде айтылды. Әкелердің қолымен жасалатын ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды қолға алып, «Әкелер кеңесінің» төрағалары жастардың бойына сіңіріп, үлгі көрсетсе деген пікірлер де ортаға салынды.

Аудан көлемінде алғаш қолға алынып отырған жаңа қоғамдық құрылымның жоспарын түсіндіріп, таныстыру мақсатында адами әлеуетті дамыту басқармасымен келісімшартқа отырып, ұрпақ тәрбиесі барысындағы шараларды бірлесе атқаруды көзделіп отыр.

Жиналғандар «Әкелер мектебі – тәрбие мектебі», «Әке жолы – ізгі жол», «Әке — өнеге», «Отбасы – ұлағат ұясы» атты тақырыптар аясында өз ойларын ортаға салып, еркін форматта пікір алмасты.

«Жыл соңында қорытындылап, ең жақсы мектептер арасында тәртібі жақсы мектептер анықталып, «Үлгілі әке» лентасы тағылып, «Өнегелі әке» аудандық ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапатталады» — деді Сауран ауданының Әкелер кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Оранғай ауылының биі, Сауран ауданының «Құрметті азаматы» Бекмұрзаев Жұмағали Оңдыбайұлы қария.

Ыбырай Алтынсарин айтқандай, «Әке мен бала достығы»  –  ең қымбат құндылық, осы құндылықты дәріптеу мен насихаттау Сауран ауданындағы мектептердің жұмысындағы негізгі ұстанымдарының біріне айналуы тиістігі қатысушылар тарапынан талқыланды. Бала тәрбиесінде әкенін алар орны ерекше екенін атап өткен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің жауаптылары: «Әкелер кеңесінің жұмысы – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиесіне ат салысуға шақыру және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы ата-ананың белсенділігін арттыру мен мектептің ұл балаларын еңбекке тартуға бағытталған», — деді.

Иә, бүгінде Отан алдындағы борышы – әскерге барудан қашатын жас­тар көбейіп келеді. Бұған не себеп? Сырға таққан ұлдармен сыр бөлісетін әкенің жоқтығы ма? Әлде қазіргі қоғамда әке рөлінің төмендегені ме?

«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген нақыл әкенің қадір-қасиетін артық сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. Баланың бойындағы ермінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға беріледі. «Әке көрген оқ жонар» — дейді ғой дана халық. Қазір балабақшадағы, мектептегі, университеттегі тәрбие әйел адамдардың қолында екені жасырын емес. Баланың санасы қалыптасу кезеңінде әкенің тәрбиеге араласуы өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағу, балға ұстау, ат міну, электр тоғын жалғау сынды әйелдің шамасы келмейтін шаруаларға баулу да әке мойнына артылған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарым-қатынас жасағандарың» деген хадисі бар. Сондай-ақ Алла елшісі «Ешбір әке баласына көркем тәрбиеден артық мұра қалдыра алмайды» деп айтқан. Осының бәрі Ислам дінінің отбасына ерекше назар аударатын, үйдегі әкенің рөлін айқындап, оның мойнына зор жауапкершілік жүктейтінін көрсетеді.

Әдетте қазақ бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі екенін ежелден біледі.

Қазір мектептерде сабақ беретін ұстаздардың 90 пайызы – әйел адамдар. Ата-аналар жиналысына баратындардың да басым бөлігі – әйелдер. Яғни балалардың тәрбиесіне араласып отырған жетекші адамдар әйелдер болғанына байланысты бүгінде бізде әскерге барудан қашатын ынжық, әскердегі сынақтарға төзе білмейтін әлжуаз жігіттер өсіп келе жатыр. Бұл мемлекетте ер адамдардың, қоғамда әке рөлінің төмендегенін көрсетіп отыр. Сондықтан әкелерге уақыт ­тау­ып бала тәрбиесімен айналысуға мән берілу керек.

– Мектепте ата-аналар жиналысын өткізсек, көбіне аналар келеді. Содан кейін оқушының әкесіне хабарласып неге жиналысқа өзі келмейтінін сұрасақ, көпшілігінің айтатыны «әйел адамдардың арасында қалай отырамын» дегенге саяды. Сондықтан мектепте «әкелер кеңесін» құруды қолдаймын. Бұл өз нәтижесін берері сөзсіз. Өйткені, қанша жерден жігерлі, мықты болғанымен, әйел адам әкенің тәрбиесін бере алмайды. Әкесімен сөйлесіп, сырласып, достасып, оның қолдауын сезініп өскен бала өз-өзіне сенімді әрі табыс­ты болады. Халқымыз «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөзді текке айтпаған, – дейді мектеп мұғалімдерінің бірі.

Қазір «әкелер кеңесі», «әкелер мектебі», «әкелер слеті» секілді тіркестерді жиі еститін болдық. Бұл да сеңнің жылжып, шөптің басы қозғалғандай бір жақсылықтың нышаны шығар. Оған қоса соңғы кездері еліміздің барлық білім беру мекемелерінде «Әкелер кеңесін» құру көзделген. Мұндағы мақсат – бала тәрбиесіне әкені араластыру, отбасындағы әкенің орнын айшықтау. Яғни «Әкелер кеңесі» отбасылық құндылықтарды сақтап, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыс істейді. Әрине, кеңес жұмысы құжат бойынша ғана емес, іс жүзінде жүзеге асса ғана нәтижелі болатыны айтпаса да белгілі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.