Түркістан облысы: Сауран ауданында «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өтті

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра — әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз. Сауран ауданында «Балалар жылы» аясында «Мектебіңе домбыра сыйла» акциясы өтті. Акция былтыр тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай, Түлкібас ауданында бастау алған болатын. Ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерді сіңдіре отырып, ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы Рысбеков қатысып, өзінің тілегін білдірді.

Акцияның басты мақсаты ұлттық өнерді ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерді сіңдіре отырып, ұлттың қамын ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу. Ауданда өткен «Мектепке домбыра сыйлау» акциясында Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы, Сауран ауданына қарасты адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Үсенқызы, Шаға ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Шарашұлы, Сауран ауданына қарасты қамқоршылық кеңестің төрағасы Әлішер Құдіреттулаұлы және ауданның бөлім басшылары, мектеп директорлары мен пән мұғалімдері, кәсіпкерлер мен ата-аналар демеушілік етіп, №13 жалпы орта мектебіне домбыра сыйлады.

Іс-шараны №13 жалпы орта мектебінің мұғалімдері мен оқушыларынан құрылған «Наз қоңыр» ансамбльі «Ерке сылқым» күйімен ашты. Шара барысында ұйымдастырушылар қазақ пен домбыра – егіз ұғым екендігін, күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт бергендігін, домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазына екендігін түсіндірді. Жиын соңында мектеп оқушылары әсем ән орындап, би билеп концерттік бағдарламаға ұласты.

«Жалпы, өткен жылы Ұлттық домбыра күнінде «Домбыра үнімен бой көтерген жаңа Сауран» атты күйшілер флешмобын ұйымдастырған болатынбыз. Қазақ үшін қасиетті мекен болып есептелетін көне шаһарда өткен шараның басты мақсаты – қазақтың күйі арқылы тарихы терең, талай ғасыр бойы сырын ішіне сақтаған Сауран қалашығының жаңа таңы атқанын, енді ғана құрылған Сауран ауданының жаңа дәуірі басталғанын насихаттау еді. Биыл да бұл іс-шаралар жалғасын тауып жатыр. Эстафета аясында алған домбыраны мектеп басшыларына табыстаймыз. Әр мектепте аталған акцияны жалғастырып, ұлттық аспапты ұлықтаймыз», – дейді Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибеков.

Айта кетсек, аталған акция Парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбайдың ұсынысымен қолға алынды. Ол ауданға келген сапарында ұстаздармен кездескен халық қалаулысы ұлттық аспапты ұлықтау жөнінде ой тастаған еді. Идеяны құп көрген Састөбе ауылының А. Макаренко атындағы мектебінің түлектері акцияны алғаш болып өткізді.

2021 жылдың аяғында бастау алған акция барысында Түлкібас ауданындағы мектептерге 400-ге жуық домбыра сыйға тартылды. Мектептің түлектері мен депутаттар, кәсіпкерлер, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары акцияға белсенді түрде қатысты.

Осы тұста тілге тиек етер жайт, қазақ халқының төл өнері жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен домбыра еске түседі. Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жырлаған.  

Домбыра атауы қайдан шыққан?

«Домбыра» атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, монғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады. Кей деректерге сүйенсек, «домбыра» сөзі көне шумерден аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «домбыра» сөзі «қозы құйрық» сөзімен байланысты «дунбаһ» және «бурра» деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек. Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегінен жасалған. Тағы бір деректерде «домбыра» атауы «дом+бұра» деген сөздерінен шыққан делінеді. «Дом» сөзі қазір «домығып, ісініп кету» мағынасында қолданылып жүр. Ал «бұра»  «күйге келтір» дегенге саяды.

Домбыра тарихы

Түрлі зерттеулерге сүйенсек, домбыра мен өзге халықтардың осы тектес аспаптары сонау орта ғасырларда белгілі болған. Мысалы, әл-Фарабидің еңбектерін оқысаңыз, тамбур аспабы жайлы кездеседі. Өзбектердің домбыраға ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында айтылды.

Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.

Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырына жатқызады.

Алматы облысында «Майтөбе» жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.

Аспаптың екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, кеудесі бар, бетін бетқақпақпен жапқан. Домбыраның басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге күні бүгінге дейін жеткені баршаға мәлім. Белгілі археолог, тарих ғылымының докторы Кемел Ақышев бастаған бір топ ғалым тасқа қашалған осы суретті зерттеп, бұл сурет кем дегенде неолит (б.д.д. 4000 жыл) дәуірінде бейнеленген деп тапқан.

Домбыра жайлы аңыз

Қазақтың қара домбырасы жайлы аңыз-ертегі жетерлік. Соның бірі музыкалық аспаптың жоғарғы тиегінің қалай пайда болғаны жайында. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолда демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерге жайғасады. Талдың бір шыбығын сындырып, оған жылқы қылын керіп байлап, дыбыс шығармақ болады. Бірақ ешқандай үн шықпайды. Батыр оны қасына тастай салады да, өзі ұйықтап кетеді. Бір кезде жанынан шығып жатқан дыбыстан оянады. Қараса, манағы өзі жасаған аспаптың мойын тұсына әлдекім титтей ағаш тиек орнатып қойған. Батыр «е, бұл сайтанның ісі болды ғой» деп ойлайды. Бәлкім, содан қалған сөз болса керек, халық арасында домбыраның жоғарғы тиегін «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән.

Домбыраның шығу тарихы туралы тағы бір аңыз елдің шығыс өңірінде тараған. Тарбағатайлық күйші Бағаналы Саятөлековтың айтуынша, «Ерте заманда тауқұдірет деген құс болған екен. Домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдіретте жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдіреттің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыраны жасаған шебер жалғыз ішекпен көсілтіп күй тарта алмайды. Ал жалғыз қанатты тауқұдірет қалықтап ұша алмайды. Домбырашы не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап жалбарынады. Күндердің бір күнінде тауқұдіреттің аталығына Тәңір ой салады: «Бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көріңдер» — дейді. Содан аталық тауқұдірет пен аналық тауқұдірет қолдасып ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанаттарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай ұшып жөнеледі. Көңілі шаттанған қос тауқұдірет қуанышын жасыра алмай Тәңірге ризашылығын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдіреттен туған балапандарға тәңір қос қанат дарытты дейді. Осы оқиғаға куә болған домбырашы «қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса қалай?» — дейді де, екінші ішек тағады. Содан кейін қос ішекті домбырасын тартса, ғажайып үн шығады. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен, риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды».

Домбыра түрлері

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған. Мәселен, ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.

Домбыра, негізінен, екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.

Олардың бірсыпырасы:

  • ән мен күй домбырасы,
  • торсық,
  • тұмар,
  • кең шанақты,
  • балдырған,
  • балашық,
  • шіңкілдек,
  • аша,
  • үш ішекті,
  • қуыс мойын,
  • шертер.

Оркестр домбыралары:

  • қоңыр дауысты (альт),
  • жіңішке дауысты (прима),
  • ащы дауысты (секунда),
  • бас домбыралар.

Домбыра құрылысы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, ішек, шанақ, қақпақ және ілгек. Қақпақ – бетқақпақ деп те айтылады.

Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшегі бар: тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік. Домбыра тиегі үш түрлі болады: шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек.

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра күйлері

Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері.

Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшеліктеріне, күйдің кұрылымына байланысты төкпе және шертпе деп бөлінеді.

XX ғасырдың 20-жылдары қазақтың ән-күйін жинақтаған А.Затаевич өзінің әйгілі «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында: «Сырт көзге қарапайым көрінетін домбыра шебер орындаушының қолына тигенде өз шамасынан әлдеқайда асып түсіп, құлпырып шыға келетініне қайран қаласыз» — дейді.

Домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.

Ұлттық домбыра күні

Қазақстанда 2018 жылдың шілдесінен бері Ұлттық домбыра күні тойланады. Мереке жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтеді. Бұл күні күмбірлеген күйден шашу шашылып, күміс көмей әншілер ән шырқайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.