Түркістан облысы: Созақ ауданында «Біртұтас ұлт және зайырлы қоғам» тақырыбында семинар-кеңес өтті

Бүгінде қай елде, қандай қоғамда болса да, діни тұрақтылықты сақтау – өте өзекті мәселе. Толерантты, зайырлы қоғам қалыптастыру оңай емес. Бұл тарапта Қазақстанда бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр: әлемдік дәстүрлі діндер съезін өткізу, дін саласындағы заңнаманы жетілдіру, халықты діни мәселелер бойынша толыққанды ақпараттандыру сынды. Жыл сайын 18 қазанда Рухани келісім күні атап өтіледі.

Бүгін осы атаулы датаға орай Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Біртұтас ұлт және зайырлы қоғам» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске ауыл округ әкімдері, діни қызметкерлер, мектептердің директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары арнайы шақырылған.

Семинар-кеңесті аудан әкімінің міндетін атқарушы Ақаділ Сатыбалды жүргізіп отырды. Ә дегенде жиынның шымылдығы Түркістан облысының Дін Мәселелерін Зерттеу Орталығының теологы Айбек Жолдасбекұлы Тағайдың лекциясымен түрілді. Теолог жасөспірімдер мен жастарды деструктивті діни ағым торына түсуден сақтау жолдарына кеңінен тоқталды.

Дінтанушының сөзін жандандырған Сайрам ауданының Бас имамы Арыстан Оразалыұлы әр халық өзінің тілін, дінін, салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын сақтай алса ғана өмір бәйгесінде оза алатынын айтты. «Ата мен ананың басты міндеті – баланың діни танымын қалыптастыру. Әр азамат ұясынан ұшып шыққанда өз пайымы болуы тиіс. Жас адамның жат ағымның жетегіне кетуі – дін туралы дұрыс ұғымының болмауынан» — деді.

Созақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ақәділ Болатұлы Сатыбалды семинар-кеңесті қорытып, елдегі қоғамдық және діни тұрақтылықтың маңыздылығын, оны сақтауда дін қызметкерлерінің ролі зор екендігін, ал білім беру ұйымдары әрбір тұлғаның бойында толеранттылық қасиеттерін қалыптастыратын іргелі институт бола білу керектігін баса атап өтті. Семинар-кеңеске қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етуде, түрлі діни ұйымдардың құйтырқы идеологиясына қарсы тұруда, зайырлы қоғам принциптерін ұлықтауда аянбай еңбек етуге шақырды.

Семинар-кеңес соңында аудандағы діни тұрақтылықтың нығаюына үлес қосқан бірқатар мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мешіт имамдарына аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin