Түркістан облысы: Созақ ауданының Қаратау ауылында бой көтерген ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді

Бүгінде Қаратау ауылдық округінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаратау ауылында қазіргі таңда жастар арасында спортты дамытып, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында салынған жабық футбол алаңының құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Спорт алаңының ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ ауыл жастары кез-келген мезгілде спортпен шұғылдануға жағдай жасау мақсатында келер жылдан бастап өзге де ауылдық округтерде осы секілді спорттық нысандар кезең-кезеңімен жалғасын тауып, бой көтеретінін айтып өтті.

Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Омар Іргебай тұрғындарды құттықтап, жаңа нысан ауыл жастары спортты жанынна серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік екендігін тілге тиек етті.

Ауыл қариясы және Созақ ауданының құрметті азаматы Өзбек Асқарбайұлы аудан басшысына бұған дейін тұрғындардың жеткізген талап-тілектерінің аяқсыз қалмағандығын айтты. Ауылдық округте басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алғысын жеткізді.

Жалпы құны 93,4 миллион теңгені құраған, кіші футболға арнап ашылған, жабық үлгідегі ойын алаңы кез келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталған. Нысанның аумағы 1000 шаршы метрді құрайды.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудан көлемінде 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Бүгінде аудан орталығынан құны 2 миллиард теңгеге жақын, заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 гектар болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысанның құрылысы аяталған соң, кіші футболдан республикалық турнирлерден бой көрсетер «Созақ» футбол командасын құру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Созақ ауылынан салынып жатқан 1000 орындық спорт алаңының құрылысы осы жылдың соңына дейін тапсырылады. Жоба құны 483 миллион теңгені құрап отыр. Сондай-ақ Шу ауылынан баскетбол алаңы, Сарыжаз елді мекенінен және аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылысы басталып, С. Абуов және А. Спатаев көшесінің бойындағы алаңшалар пайдалануға берілді. Бұған қосымша Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендері мен Шолаққорған ауылының Ж. Ерімбетов көшелеріне балалар ойын алаңын салу жоспарлануда екен.

Осылайша қазіргі таңда тұрғындардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануы мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданымызда спорттық инфрақұрылымның саны едәуір артып отыр.

Естеріңізге сала өтсек, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленебек. Себебі, бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен келелі мәжілісте жуырда ғана айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. 

– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі ай бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы, спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге ауылдарда шахматты жаппай дамыту мәселесі де айтылды. 

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 

Айта кетейік, 2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.

Тағы бір маңызды ақпарат, Түркістан облысында 96 елдімекенге спорт нысандары «Қазақстан халқыны» қоғамдық қоры қаражатына салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Үкімет отырысында айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысы әкімінен «Облыста спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі бар болғаны 31%, ал республика бойынша орташа – 50%. Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» — деп сұрады.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста бірнеше спорт нысаны салынды. Халықаралық теннис орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Мұз сарайының құрылысы жүріп жатыр, нысанды тамызда пайдалануға беру жоспарланған. (…) «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 елдімекенде дене шынықтыру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ішінде 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында спорт нысаны аса қажет 96 елдімекен бар. Бұл елдімекендерге модульді спорт нысанын салуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр.

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келсе, арнайы ашылған www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш береді. Жергілікті уәкілетті органдар қызмет көрсетушінің талапқа сәйкестігін тексеріп, порталға енгізеді. Өз кезегінде ата-аналар да баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе, аталған портал арқылы өтініш беруіне болады. Порталға тіркеліп, өз шағын ауданындағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзі таңдап алады. Содан кейін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен медициналық анықтаманы дайындап өткізсе болғаны, баласы спорт секциясына тегін барады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin