Шымкент қаласының әкімі халықаралық аренада ел мерейін асқақтатқан спортшыларды марапаттады

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық жарыстарда қала мен Қазақстанның көк байрағын абыроймен танытып жүрген спортшылар және жаттықтырушылармен кездесті. Басқосуда спорт саласындағы жетістіктер сараланып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға құрмет көрсетілді.

Қала әкімі спорттағы әрбір жеңістің артында жылдар бойғы табанды еңбек, қатаң тәртіп, кәсіби дайындық пен үздіксіз жаттығу жатқанын атап өтті. Биыл шымкенттік спортшылар әлем чемпионаттарында жоғары шеберліктерін көрсетіп, ел қоржынына елеулі үлес қосты.

Атап айтқанда, жас шахматшылар Аделина Нұрханқызы мен Аслан Ендібаев Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Стенд атудан Германияда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Милана Папчихина командалық есепте алтын медаль иеленсе, Ринат Казаченко күміс жүлдеге қол жеткізді.

Эстонияда өткен жылжымалы нысана көздеуден әлем чемпионатында Фатима Ирназарова алтын медаль жеңіп алды. Оның әпкесі Зухра қола жүлдеге ие болса, Валат Мусаев та чемпион атанды. Еңлік Асқар жасөспірімдер арасында күміс медаль еншіледі. Жоғары спорттық нәтижелері үшін Зухра Ирназароваға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілді.

Күрес түрлерінен де шымкенттіктер топ жарды. Бакуде өткен әлем чемпионатында Дияр Аманәлі грек-рим күресінен әлем чемпионы атанып, финалда Венгрия спортшысын жеңді. Ал Мардан Орынбасар еркін күрестен қола медаль иеленді.

Кездесу барысында қала әкімі жүлдегер спортшыларға лайықты марапаттарын табыстап, олардың кәсіби шеберлігі мен табандылығына жоғары баға берді. Сонымен қатар спортшылардың жетістігіне үлес қосып жүрген жаттықтырушылардың еңбегі де атап өтілді. Өйткені спортшының биік нәтижеге жетуінде жаттықтырушының тәжірибесі, кәсіби білімі мен жүйелі еңбегі шешуші рөл атқарады.

Шымкентте бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, спортшылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуына жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Жеңімпаз спортшылардың жетістігі жас буынға үлгі болып, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге серпін береді. Халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген әрбір спортшының жеңісі – Шымкент спортының әлеуетін танытатын маңызды көрсеткіш.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You