Түркістан облысы: Созақ ауданының 95 жылдық мерекесіне орай дін саласының қызметкерлері футболдан сынға түсті

Созақ ауданының орталығындағы орталық стадионда Созақ ауданының 95 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысына қарасты имамдар мен мешіт қызметкерлері арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті. Достық кездесуге облысқа қарасты аудан, қалалардағы дін сала қызметкерлерінен құралған 14 команда қатысып, өзара бақ сынады.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ізгі тілегін арнады.

– Бүгінгі қоғамда салуатты өмір салтын ұстану – басты қағидалардың бірі. Дін саласының қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстанып ғана қоймай, оны насихаттау мақсатында футболдан турнир ұйымдастырып отыр. Бұл — қуантарлық жағдай. Елге имандылықпен қатар, спортты насихаттап, жастарға үлгі болған сіздерді көпшілік басқа қырларыңыздан көруде, — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, Түркістан облысының өкіл имамы Ержан Сматұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов шараға арнайы қатысып, халық арасындағы ауызбіршілік, ынтымақ пен бірлікті сақтауға негіз болған имамдар мен мешіт қызметкерлері арасындағы сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Кіші футболдан ұйымдастырылған турнирде жеңімпаз атанған командалар арнайы кубок, медальдармен марапатталды. Сайыс барысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншыларға жеке-жеке марапаттар табысталды.

Нақтырақ айтсақ, жарыс жолындағы ақтық сында Түркістан қаласы мен Созақ ауданы командасы өзара сынға түсіп, Түркістан қаласынан келеген дін саласы қызметкерлерінен құралған команда турнирдің чемпиондары атанды.

Жүлделі ІІ-ші орынды Созақ ауданы иеленіп, Жетісай қаласы ІІІ-ші орынға табан тіреді. Жүлделі орыннан көрінген командаларға арнайы кубок, медалдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншыларға жеке-жеке марапаттар табысталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin