Түркістан облысы: Шалғай ауылдардағы мектептер «STARLINK» интернет желісіне қосыла бастады

Түркістан облысының шалғай ауылдарында орналасқан мектептері еліміз бойынша алғашқылардың қатарында Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернетіне қосыла бастады. Жалпы, өңірдегі 911 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Оның ішінде 581 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған. 33 мектеп жуырда оптикамен қамтылады.

Бұдан бөлек, 330 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с — 20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Осы білім ұяларының 200-ден астамы Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернетіне қосылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш саналады. Қалған ауылдар сәуір айының соңында жаңға желіге толық қосылып, Түркістан облысында мектептедегі интернет мәселесі толық шешіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 5 қазанда өткен Республикалық педагогтер съезінде барлық орта білім беру мекемелерін сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасының уақтылы орындалуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр. Осы орайда, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Қазығұрт және Төлеби аудандарына іссапармен барып, білім ұяларын сапалы интернет желісімен қамту жұмыстарымен танысты.

Алдымен, аппарат басшысы Қазығұрт ауданының Еңбек елді мекеніндегі «Еңбек» жалпы орта білім беру мектебінде болды. Мұнда «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы «SpaceX» компаниясының «Starlink» спутниктік интернет желісі елімізде алғашқылардың бірі болып орнатылған. Интернет желісінің жұмысымен танысып, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен тілдесті. Сондай-ақ, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова оқушыларға «Billim Land» электронды журнал арқылы презентация жасады.

– Елімізде алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының білім ұяларында Starlink спутниктік интернет желісі орнатыла бастады. Түркістан облысы әкімдігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, облыс аумағындағы радиокөпір технологиясы арқылы және төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған шекара маңында және шалғай, таулы аймақтарда орналасқан 330 орта білім беру ұйымын «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы «SpaceX» компаниясының «Starlink» спутниктік интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында 203 мектепте Starlink спутниктік интернет желісінің құрылғылары орнатылған. Қалған мектептерде интернет желісінің құрылғыларын орнатуды биыл сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда, – деген Еркеғали Әлімқұлов қала мен ауыл тұрғындарының сапалы білім алуына бірдей мүмкіндік жасалатынын айтты.

Бұған дейін «Еңбек» жалпы орта білім беру мектебінде «Қазақтелеком» АҚ байланыс операторының техникалық мүмкіндігіне қарай радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі интернет желісімен қамтылған болатын. Енді білім ошағы жылдамдығы 200 Мбит/с жоғары болатын «Starlink» спутниктік интернетімен қамтылды.

Атап өту керек, аудандағы 71 мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылып, талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы жылдамдығы 20-80 Мбит/с аралығындағы интернет желісі орнатылған.

Мақсат – оқушылардың цифрлық білім беру ресурстары мен заманауи технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Бұдан бөлек, 24 мектеп шалғай және таулы аумақтарда орналасуына байланысты, техникалық мүмкіндігіне қарай жылдамдығы 512 Кб/с-20 Мбит/с құрайтын төмен жылдамдықты интернет желісімен қамтылған. Осы білім ұяларының 24-і Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернетіне қосылды. Қазіргі таңда 150 мбит/с жоғары интернетті көрсетіп тұр. Бұл Қазығұрт ауданы үшін ең үлкен көрсеткіш болып табылады.

Мұнан соң аппарат басшысының аудандарға жұмыс сапары Төлеби ауданында жалғасты. Ол Төлеби ауданы, Киелітас ауылдық округі, Сұлтанрабат елді мекеніндегі «Жыланбұзған» жалпы орта білім беру мектебін интернет желісімен қамту жұмыстарын тексеріп, мектеп ұжымымен және оқушылармен кездесті. Аталған мектеп бұған дейін радиокөпір технологиясымен 20 Мбит/с дейінгі интернет желісімен қамтылған еді. Бүгінде мұнда «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ арқылы «SpaceX» компаниясының «Starlink» спутниктік интернеті орнатылды. Енді мектеп ұжымы мен оқушылар интернет желісін кедергісіз қолдануға мүмкіндік алды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары ел Президенті мен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Бұл бастама Түркістан облысының әрбір оқушысы үшін тең мүмкіндіктер жасау арқылы, білім беру процесін цифрландыру және цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы маңызды қадам болмақ. Жұмыстар жалғасын табады.

Жоғарыда айтып өткендей, былтыр қазан айында Елордада араға 18 жыл салып республикалық педагогтер съезі өтті. Есте болса, Тәуелсіздік жылдарында мұғалімдер съезі 1998 және 2005 жылдары ұйымдастырылған болатын. Ал, Ұстаздар күні өткен іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, білім беру саласындағы 7 өзекті мәселеге жан-жақты тоқталды. Соның бірі білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету болатын.

Алдағы уақытта мектеп жүйесіне демографиялық қысымның күшейе беретіндігі сөзсіз. Сондықтан да білім саласына цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігі туындап отыр. Жалпы, білім берудің цифрлық трансформациясы тек компьютерлік сыныптарды құру және Интернетке қосылу ғана емес, сонымен қатар оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін нақтылау, мектеп жұмысының жаңа үлгілерін қалыптастыру және тарату, оқыту тәжірибесін жаңарту, ұжымда тиісті атмосфераны құру, мұғалімдерге оқытудың жаңа әдістері мен тәжірибесін меңгеруге көмектесуі шарт. Сондықтан да Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге айрықша назар аударып, білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңыздылығына тоқталды.

«Цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін», — деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің атап өтуінше, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді.

Айта кетерлігі, ICILS-2018 зерттеулері бойынша қазақстандық мектеп оқушылары цифрлық сауаттылықтықтан 14 қатысушы мемлекеттің ішінде ең соңғы 14-орында болған. Оқушылардың 54 пайызы компьютерлік және информатикалық сауаттылық бойынша ең төменгі 1-деңгейге де жете алмаған. Сонымен бірге, еліміздегі мектеп оқулықтарының 20 пайыздан астамында цифрлы баламасы жоқ. Мектептердің тек 18,5 пайызында ғана интернет талапқа сай. Жүйе цифрлы контенттің өте аздығымен, цифрлы орта тиісінше дамымағандығы және цифрлы мәдениеттің төмендігімен сипатталады.

Сөз соңында атап өтерлігі, «Биыл елдегі орта білім беру ұйымдарын жылдамдығы жоғары және тұрақты интернетпен қамту 65%-тен 80%-ке дейін ұлғайтылады», — деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство бұл шара оқыту үшін қолайлы жағдай жасауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

«Мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылығы бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жылдамдығы жоғары интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасауға, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді», — деп мәлімдеді министрліктің цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.

Айта кетері, министрлік қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғай, тұрғыны аз аудандарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты түрлі шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin