Түркістан облысы: Ұлттық мектеп лигасының додалары басталды

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен 10 сәуірде Ұлттық мектеп лигасының ақтық кезеңі республикалық додалар басталды.

Биыл лига ойындары спорттың 10 түрінен (баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық — асық ату, жеңілатлетикалық кросс) Семей, Астана және Қызылорда қалаларында 5-6-шы, 7-8-ші, 9-11-ші сыныптар бойынша топтастырылып өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Ұлттық мектеп лигасы аясында 44 жарыс бойынша республикалық кезеңге облысымыздың 500-ге жуық оқушысына жолдама берілді. Мектеп лигасының іріктеу жарыстары республиканың барлық аймағында оқу жылының басынан бастап сәуір айына дейін өткен болатын.

Лиганың алғашқы республикалық жарыстары Қызылорда қаласында 9-11-ші сынып оқушылары арасында волейболдан “Шұбар доп” (қыздар), баскетболдан “Алтын доп” және футзалдан “Теңбіл доп” (ұлдар) жарыстарынан бастау алды. Оған еліміздің 20 өңірінен 700-ге жуық оқушы қатысып жатыр. Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі 10 маусымға дейін жалғасады.

Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында мектепішілік, аудандық, қалалық/облыстық кезеңдерге 286 000-нан астам оқушы қатысқан болатын. Іс-шараның мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорт арқылы зиянды әдеттерден арылу, патриоттыққа тәрибелеу.

Республикалық демекші, түркістандық оқушылар Алматы қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиадаға қатысты. Жалпы сайыс 9-11-ші сынып оқушыларына арналған. Білім додасында Түркістан облысының 4 оқушысы жүлделі орындарға ие болды.

Атап айтсақ, Шардара ауданындағы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының 9-шы сынып оқушысы Ернұр Қыдыр ІІ орынға, Түркістан қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-интернатының 11-ші сынып оқушысы Азамат Тастыбай ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, Кентау қалалық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 10-шы сынып оқушысы Севдияр Сабиров ІІІ орынды және «Білім-инновация» мектеп-интернатының 10-шы сынып оқушысы Арнұр Айдарбек ІІІ орынды иеленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin