Түркістан облысы: Өңір басшысы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынып жатқан мектептердің құрылысын қатаң қадағалап отыр

Халық саны жылдан-жылға көбейіп жатқан Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. Оның ішінде 63 білім нысаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы бой көтереді. Биыл осы жоба аясында 29 мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің қала-аудандарында бой көтеріп жатқан барлық «Жайлы мектептердің» құрылысын жіті қадағалауында ұстап отыр. Нысанның талапқа сай, өз мерзімінде пайдалануға берілуі үшін темірдей тәртіп керек-ақ. Осы ретте  Түркістан қаласында аталмыш жоба аясында салынып жатқан екінші білім ұясының құрылыс алаңында болды. Бүгінде мұнда жұмыс өте қарқынды. Өңір басшысы Түркістандағы құрылыс нысандарын кезекті рет аралап, мердігерлермен кездесті. Жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімі тарапынан құрылыстың сапасына мән беру керектігі, бұл мектеп өңірдегі өзге мектептерге үлгі болуы тиіс екендігі айтылды. Құрылысты ширатуды тапсырды.

Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Авторлық қадағалау міндетін «Астанатехстройэксперт» ЖШС атқарса, техникалық қадағалауды «СКД» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер мекеме «Yda» ЖШС жұмысты бастап кеткен. Білім ұясы биыл тапсырылады деп күтіліп отыр.

– «Жайлы мектеп» – аса маңызды жоба. Президентіміздің тікелей бақылауында тұр. Құрылысты талапқа сай етіп жүргізу – міндет. Осы білім ұялары арқылы елімізде мектеп тапшылығын жойып қана қоймай, білім сапасын көтеру көзделіп отыр, – дейді Дархан Сатыбалды. 

Бүгінде Түркістанның Жаңа қала аумағындағы 2 мың орындық мектептің де құрылысы қарқынды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған мектептің құрылыс барысымен танысып, мердігерлер мен жауапты басшыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

Аталған жобаға тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, бас мердігер – «Каратас Майнинг» ЖШС. Жер аумағы – 5 гектар, мектетің көлемі 22 мың шаршы метрден асады. Алып мектепті жыл соңына қарай пайдалануға беру көзделіп отыр.

Айта кетейік, Түркістан облысы «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру бойынша республикада көш басында келеді. Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы штаб құрылып, үйлестіру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Жергілікті әкімдік инженерлік желілерді мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Мектептерді салуда және жабдықтауда отандық кәсіпорындардың құрылыс материалдары мен жиһаздары қолданылады. Дархан Сатыбалды жаңа үлгідегі білім ұяларын тек отандық жиһазбен жабдықталуын қатаң ескертті.

Ал Сарыағаш ауданында ұлттық жоба аясында 4 білім ұясының құрылысы жүріп жатыр. Солардың біріне облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, Сарыағаш қаласындағы 300 орындық мектептің құрылыс барысын қадағалап қайтқан болатын.

Нысанға тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Мердігер – «А-СпецСтрой» ЖШС. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Биыл ел игілігіне тапсырылады. Конкурстық құны – 2 582 273 438,0 теңге.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған жобаны өте сапалы атқару маңызды екеніне тоқталды. Аудан әкімі, Білім басқармасының басшысы мен мердігерге жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруды тапсырды. Кемшілікке жол берілсе, қатаң шара көрілетінін ескертті. Құрылыс барысы қатаң бақылауға алынды.

Атап өтер жайт, биыл «Жайлы мектеп» жобасының ең басты кезеңі болып тұр. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл Қазақстанда 208 мектеп салынып бітіп, пайдалануға берілуі тиіс. Жобаның операторы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мәліметінше, 2023-2025 жылдар жобаның ең негізгі кезеңі саналады. Бұл кезеңде: 

2024 жылы 208 мектеп;

2025 жылы 151 мектеп пайдалануға берілмек. 

Сәйкесінше, 2023-2025 жылдары республика бойынша жаңа форматтағы 369 заманауи мектеп салынып, 740 мыңға жуық оқушы орны ашылады.

Бұдан бөлек, 10 мектеп жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша, оның ішінде 1 мектеп мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, ал 9 мектеп дайын нысанды сатып алу тетігі арқылы салынады.

2023-2025 жылдары республика бойынша: 

Түркістан облысы – 63 мектеп

Алматы облысы – 53 мектеп

Астана қаласы – 24 мектеп

Алматы қаласы – 22 мектеп

Қызылорда облысы – 21 мектеп

Маңғыстау облысы – 21 мектеп

Ақмола облысы – 18 мектеп

Ақтөбе облысы – 18 мектеп

Қарағанды облысы – 18 мектеп

Шымкент қаласы – 18 мектеп

БҚО – 18 мектеп

Атырау облысы – 12 мектеп

Жамбыл облысы – 12 мектеп

Абай облысы – 11мектеп

ШҚО – 10 мектеп ашылады. 

Тағы бір мән берер мәселе, Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаға «Атамекен» ұлттық палатасының және салалық қауымдастықтардың ұсыныстары ескерілген отандық өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шараларды енгізді. Оған сәйкес:

  • жайлы мектептерге қажетті жиһаз «Самұрық-Қазына» және «Атамекен» тізіліміне енген отандық өндірушілерден ғана сатып алынатын болады;
  • мектеп құрылысында оның ішінде сыртқы қасбеттерде жергілікті өндірушілердің өнімдері пайдаланылады, сондай-ақ тиімді шарттарға негізделген алдын ала келісімшарт жасау тәсілін қолданылады.
  • Жалпы, ұлттық жоба ең алдымен білім беру сапасын қамтамасыз етуге және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігіне ықпал етуі тиіс. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі:
  • «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы шеңберінде жайлы мектептер үшін жаңа буын директорларының корпусын іріктеуді қолға алды;
  • жаңа мектептерді кадрлармен қамтамасыз ету үшін жас кадрлардың және тәжірибесі бар мұғалімдердің біліктілігін арттыру жолымен педагогтер базасы қалыптастырып жатыр;
  • еліміздің Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновациялық лицейлері, республикалық физика-математика мектептері сынды жетекші оқу орындарының тәжірибесі негізінде оқу процесінің мазмұнын жетілдіруге бағытталған білім беруді ұйымдастырудың жаңа моделі әзірлену үстінде.

Осы уақытқа дейін жайлы мектептердің құрылысы 3 тәсіл арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Атап айтар болсақ, ең алдымен «Самұрық-Қазына Констракшн» арқылы мектептердің нысаналы құрылысын салынады. Екіншіден, әкімдіктер, нақтырақ айтқанда Алматы қаласының әкімдігі жеке инвесторлардан 8, ал елорда әкімдігі 1 дайын ғимаратты тауар түрінде сатып алады. Үшіншіден мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Алматы қаласында 1 мектеп салынады.

Енді осыған Оқу-ағарту министрлігі төртінші тәсілді әзірлеп, енгізіп отыр. Бұл тәсіл жеке инвестор және жетекші білім беру ұйымы қатысатын консорциум құру арқылы іске асырылады. Оны іске асыру кезінде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы және кейінге қалдырылатын міндеттемелер есебінен бюджетке жүктеме азаяды және құрылыстың қымбаттау тәуекелдері болмайды. Инвесторларды іріктеуді әкімдіктер конкурстық негізде жүзеге асырады.

Өткен жылы «Самұрық-Қазына Констракшн» 208 мектепті жобалауды және салуды бастады. Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері осы жылы 9 мектепті жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 98 мектепті, ал қалған 110 мектепті 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Таяуда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаждаров ұлттық жоба аясында салынатын жайлы мектептердің типтік мектептерден айырмашылығын атаған болатын.

«Жайлы мектептердің типтік мектептерге қарағанда бірінші айырмашылығы – құрал-жабдықпен қамтылуы, яғни қазіргі типтік мектептердің қажетті жабдықтармен қамтылуы 6 пайыз болса, ал жайлы мектептерде ол көрсеткіш 15-20 пайызға артады. Ол дегеніміз компьютерлер, ұйымдастыру техникалары, интерактивті тақталар, робототехника кабинеті және тағы басқа. Келесі айырмашылығы, қазіргі типтік мектептерде бір ғана спортзал бар, ал жайлы мектептерде оның саны 2-ден 4 спортзалға дейін көбейеді», — деген еді Ғабит Малғаждаров «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғамдық кеңесі барысында.

Оның атап өтуінше, жайлы мектеп жиһазы да толықтай қазақстандық өнім болуы тиіс. Бұл талап Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Ол үшін мердігер компания отандық өндірушілермен шарт жасасу керек және ол «Samruk-Kazyna Construction» мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан тексеріледі. Талап орындалмаған жағдайда мердігер компанияға қаржы бөлінбейді және айыппұл салынады.

Айта кетерлігі, «жайлы мектептердің» құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Мұны таяудағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов баса айтқан болатын.

«Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органнан нақты іс-қимылдарды талап етемін. Бірінші, «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», — деген еді Үкімет басшысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin