Түркістан облысы: Өңір басшысы Кореяда білім алып жатқан жастармен кездесті

Түркістан облысынан барған делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарының бірі Woosong университетінің Солбридж халықаралық мектебінде болды. Дархан Сатыбалды оқу ордасының студенттік қалашығында болып, сонда білім алып жатқан қазақстандық жастармен жүздесті. Жоғары оқу орны өндіріске негізделген техникалық мамандар дайындайды.

– Оңтүстік Корея мемлекетіне іссапарымыз аясында еліміздің көптеген жастары осы оқу орнында білім алып жатқанын естіп, сіздермен кездесуге арнайы келіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT саласында білікті мамандар даярлау міндетін қойды. Осыған орай ақпан айында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласында Вусонг университетінің өкілдерімен жүздескенін білесіздер. Нәтижесінде Түркістан қаласында «Вусонг» университетінің филиалын ашу мәселесін қарастырды. Президенттің осындай іргелі бастамаларын жүзеге асыру бойынша Қазақстанда 12 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылғанын атап өту керек, – деді Дархан Сатыбалды жастармен кездесуінде.

Университетте Қазақстаннан барған 85 жас білімін жетілдіріп жатыр. 150 студент осында оқуын бітірген. Жат елде білім алып жатқан жастар туған жерге деген сағыныштарын жеткізді.

– Еліміздің болашығы — өздеріңіз сияқты білімді жастардың қолында. Түркістан өңірі — Қазақстанның рухани астанасы. Біз әрқашанда мемлекеттер арасындағы достықты, қарым-қатынасты нығайтуға бар күш жігерімізді саламыз. Сіздерді оқуды аяқтағаннан кейін елге келіп еңбек етуге, туған жерді дамытуға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әрқайсыңыздың білімдеріңіз біздің елдің экономикасын дамытуға үлкен серпін берері сөзсіз. Білімді болыңыздар, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Woosong қорының төрағасы Ким Джонг Хёнмен кездесті. Тараптар IT мамандығы бойынша студенттерді дайындайтын бірлескен оқу орнын ашу мәселесін жан-жақты талқылады. Түркістан облысында IT мамандарға басымдық берілуде. Аймақ басшысы білім беруге, ғылымды өркендетуге салынған инвестицияның қайтарымы келешекте айқын көрінетінін айтып, осы саладағы жобаларды қолдап келеді.

Осы ретте Түркістан облысында Қазақ-Корей бірлескен білім ордасын ашу жоспарланып отырғанын да атап өткен лазым. Бұл мақсатта биыл қаңтар айында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік дегегациямен кездесіп, IT мамандығы бойынша студенттерді дайындайтын бірлескен оқу орнын ашу бойынша жан-жақты талқылады. Жоғары оқу орны өндіріске негізделген техникалық маман дайындайды.

Оқу орнының саясаты мен мақсатын Woosong университетінің халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ли Ю Тек түсіндірді. Сұранысқа ие мамандық таңдау оқу орнының берер мүмкіндіктерімен бөлісті. Халықаралық білім ошағының ғылыми орталығы Теджонгта орналасқан және 70 жылдық тарихы бар. Халықаралық білім ордасында 16 мыңнан астам бала білім алады. Оның ішінде әлемнің 85 мемлекетінен келген студенттер бар. Профессорлық құрамы 1 мың адамнан асады. Оқу барысын онлайн және офлайн платформада өткізеді. Оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша Кореяда үздік үштікте. Университетте Қазақстаннан барған 40-тан астам жас білім алады.

Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

– Түркістан облысында IT мамандарға басымдық беруді көздеп отырмыз. Негізгі бағыттың бірі – оқу орындарын Түркістан өңірінде ашу. Ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларға басымдық беріледі. Қазіргі таңда бізде екі халықаралық универитетіміз бар. Онда 12 мыңға жуық студент білім алуда. Оңтүстік Кореяда техникалық сала бойынша мықты білім ордалары көп. Бұл сала жақсы дамыған. Сондықтан осындай оқу орнын өзімізде ашсақ деген ниетіміз бар, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Пандемия кезінде ақпараттық жүйелер саласына қызығушылық арта түсті. Бұған қашықтан онлайн жұмыс істеу тәсілі де әсер етті. Көптеген компаниялар автоматтандыру жүйесіне көшіп жатқандықтан IT мамандарға деген қажеттілік артты. Сондықтан Түркістан облысындағы еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда.

Еске салайық, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Оңтүстіктік Корея мемлекетіне іссапармен барды. Сапар барысында облыс делегациясы мен Қазақстанның Кореядағы елшісі Нұрғали Арыстанов Korea International Trade Association (Кореяның халықаралық сауда қауымдастығы) компаниясының президенті Сик Юн Джинмен кездесті. Қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқылады. Келіссөздер жүргізді.

KITA – Кореяның шағын және орта бизнесіне сыртқы нарықтарға шығуға көмектесетін, елдегі сауданың дамуына үлес қосып келетін 80 жылға жуық тарихы бар жетекші бизнес ұйым. Осы елдің сауда саласының құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, жеке экономикалық ұйым ретінде Кореяның экономикалық өсуіне үлес қосады, осылайша жаһандық саудаға ықпал етеді. 70 мыңнан астам компанияны біріктіретін Корея елінің ең ірі іскерлік қауымдастығы әлемнің 66 еліндегі 232 ұйыммен ынтымақтасады. Қауымдастықтың Қазақстандағы серіктестері – «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» мен «Kazakh Invest» ҰК.

KITA қызметі шетелдік маркетинг пен инвестицияларды қолдауды, халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуді, сауда ақпараты мен зерттеулерді ұсынуды, халықаралық сауда бойынша мамандарды оқытуды және ілеспе консультацияларды қамтиды. Кореяның халықаралық сауда қауымдастығы зергерлік бұйымдар, сусындар индустриясы, косметика өндірісі, косметика және парфюмерия, косметология, тамақ өнеркәсібі, тағамдық қоспалар, тұрмыстық заттар, сұлулық салондары, үйді безендіру, аксессуарлар және эстетикалық медицина салалары бойынша жұмыс істейді.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Кореяның бірқатар ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Сапар барысында облыс әкімі «Doosan Enerbility» компаниясының вице-президенті Ким Чон Гванмен кездесті. Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер жүргізді. Онда компанияның стансалар салуда және озық технологиялар мен жабдықтарды қолдануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылды.

Екі елдің сауда-экономикалық саласында іскерлік қарым-қатынастың орнағанын айтқан өңір басшысы Түркістан облысының шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналғанына тоқталды. Дархан Сатыбалды 2 миллионнан астам халқы бар өңірдің дамуы үшін шетелдік инвесторларды тарту маңызды екенін айтып, бұл орайда инвестициялық бестіктің әрдайым алдында жүретін Корея елінің орны ерекше екенін жеткізді. Сондай-ақ кореялық бизнесмендерді облыстағы құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу және медицина салаларына инвестиция құюға шақырды.

«Doosan Enerbility» жол-құрылыс техникасын шығару бойынша әлемде жетінші орында тұр. Дүние жүзі бойынша компанияның 100-ден астам филиалы бар. Кәсіпорындар экскаваторлар, өндірістік жабдықтар мен тұтыну тауарларын жасап шығарады. Құрылыс және қаржылық, консалтингтік және IT қызметтерін ұсынады.

Компания Орталық Азияда энергетикалық турбиналар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Өткен жылы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Doosan Heavy Construction» арасында Түркістан облысында қуаты 1000 МВт электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды.

Сапар барысында Түркістан облысының делегациясы «Doosan Enerbility» офисі және музейімен танысты.

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Корея мемлекетіне іссапары аясында бірқатар ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Атап айтқанда, «Dong Sung» фармацевтикалық компаниясының бас директоры Ян Гу Лимен кездесті. Кездесу қорытындысымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

1957 жылы салауатты өмір салтын сақтау мақсатында құрылған компания дәрі-дәрмек, косметика және тұрмыстық заттар өндіреді.

Компания фотодинамикалық терапияны дамытуда. Бұл қатерлі ісік ауруын емдеуді жеңілдетеді және ем-домнан соң жанама әсерлердің аз қаупімен емдеуді тиімді етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin