Түркістан облысы: Өңір басшысы аудандардағы мектептердің жай-күйін өз көзімен көріп жүр

Мәселен, биылдыққа Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. 700 орынға шақталған мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда білім ордасында 136 мұғалім жұмыс істейді. Мұнда екі ауысымда 1 мыңнан аса оқушы негізгі мектеп типтік ғимаратта білім алады. Мектеп «көгілдір отынмен» жылытылады.

Мектептің оқу бөлмелері мен құрал-жабдықтарын жаңарту мақсатында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры, «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры қоғамдық қоры, «Ed Tech Innovation» ЖШС және С. Әбдіжаппаов атындағы жалпы орта мектеп-интернаты арасында төрт жақты келісімшарт жасалды. Меморандум аясында серіктестер 250 миллион теңге қаржы бөліп, білім ордасындағы 30 оқу кабинеті толықтай жабдықталып жатыр. Одан бөлек спорт зал, акт зал, АРТ-студия жабдықталып, кітапханаға керек-жарақтар жеткізілуде. Сонымен бірге білім ордасында телестудия да жасақталуда.

Облыс әкімі мектепті аралау барысында жылу қазандығының жай-күйіне баса мән беріп, жылу жүйесіндегі анықталған ақаулықтарды қалпына келтіруді тапсырды. Мектеп асханасының ас мәзірін көрді. Жауаптыларға оқушыларға барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.

Бәйдібек ауданында ұзын-ырғасы 51 мектеп бар. Онда 2454 педагог 12 343 оқушыға білім беруде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылынан жаңадан 300 орындық мектептің құрылысы былтыр басталған.

Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар өңір басшысы Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданындағы іссапарында да мектеп құрылыстарының жұмысымен танысты. Облыс басшысы Сарапхана ауыл округінің Майлыошақ елді мекенінен салынып жатқан 300 орындық Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды.

Білім нысанының салыну мақсаты – ыңғайластырылған мектепке типтік мектеп ғимаратын салу. Мектеп құрылысы 2021 жылы басталған. Мердігер – «ӨМІРЗАҚ» ЖШС. Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына өткен жылы қайта түзету жұмыс жобасы әзірленген. Биыл желтоқсан айында пайдалануға тапсыру жоспарланған.

Өңір басшысы құрылыстың кешігіп атқарылып жатқанын сынға алып, жауапты басшылар мен мердігерге жұмысты күшейтуді тапсырды. «Сақалды құрылысқа» айналған нысанға жауаптыларға айыппұл салынған. Облыс әкімі жұмыс барысын толық тексеріп, құрылыс кестеге сай бітпесе, құзырлы органдарға жолдауды тапсырды.

– Әр білім ұясын уақтылы салу өте маңызды. Біресе қаржыны сылтауратып, біресе басқа мәселені сылтауратып, құрылысты созбалаңға салуға болмайды. Құрылыс мәселесі бойынша арнайы жиналыс өткізіп, талқылағанбыз. Барлық мердігер, жауапты басшылар өз міндеттерін дұрыс атқарсын. Балалардың сапалы білім алуы үшін жанашырлықпен жұмыс істеу қажет, – дейді Дархан Сатыбалды.

Расында да, кадр тапшылығымен қатар, мектептердегі оқушы орны тапшылығы мәселесі де өте өзекті болып тұр. Бұл проблеманы шешу үшін Үкімет Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасын қабылдаған болатын. Аталған ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа, заманауи, жайлы мектеп ашылмақ. 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп пайдалануға беріледі.

Естеріңізде болса, былтыр қазан айында өткен республикалық педагогтер съезінде: «Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек», — деген болатын Мемлекет басшысы.

Облыс басшысы осы сапар барысында Қызылқия ауыл округіне қарасты Атажұрт елді мекеніндегі 100 орынға арналған «Айнатас» негізгі орта мектебінің құрылысымен де танысты. Ғимарат екі қабатты, жер көлемі – 2,0 гектар. Құрылыстың ауданы – 1382,61 шаршы метр. Бұл жобаға 2023 жылы қайта өңдеу жұмысы жасалған. Сметалық құны – 1 028,612 миллион теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігермен келісімшарт түзілді. Нысан 2024 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Бұл нысан бойынша да тиісті тапсырмалар берілді. Құрылыс барысы қатаң бақылауға алынды.

Еске салайық, Түркістан облысында мемлекеттік бюджет есебінен 33 мек­тептің құрылысы қолға алынған болатын. Бүгінде 33 мек­тептің 10-ы пайдалануға берілген. Жыл соңында 10 мектеп тапсырылды. Қалған 13-і биыл пайдалануға берілді. Соны­мен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осылайша, 2025 жылға дейін өңірде 96 білім ошағы бой көтереді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды білім саласына қолдау көрсету, білімді ұрпақ тәрбиелеу ең бас­ты міндет екенін ұдайы айтып жүр. Өңірде білім сапасын жақсарту, материалдық базаны жаңарту, мектептер салу, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясындағы жұмыстарды баяндап, білім саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. «Түркіс­тан облысы бюджетінің 48,2 пайызы білім саласына бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылығын жою, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатта облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынады. Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 млрд теңге қарастырылды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд теңге бөлдік. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру меке­месі 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын оқушылар түгелдей ыс­тық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған былтыр облыстық бюд­­жеттен 6,2 миллиард теңге қар­жы қарастырылды», — дейді Дархан Сатыбалды.

Жалпы, облыстағы ­­1 032­­ мектепте 520 мыңға жуық оқу­шы білім алып жатыр. Ал 1 409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленсе, өңірдегі 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды.

Айта өтейік, елімізде қазір жалпы 7 723 мектеп жұмыс істеп тұр. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, осыншама оқу ошағының 2 449-ы – қалаларда, 5 274-і ауылдарда орналасқан. Білім беру жүйесі дамыған елдерде оқушылар тек бір ауысымда оқиды. Қазақстанда әлі күнге апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілген жоқ. Бұл үшін қанша мектеп салынбақ?

Былтыр 1 қыркүйекте 55 мың орындық 39 мек­теп пайдалануға берілген болатын. Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектептің мә­селесін шешті. Ал мектеп мәсе­ле­сінде күн тәртібіндегі міндет пен меже қандай? Министрліктің мәлімдеуінше, 2023-2024 оқу жылында, яғни осы қыркүйек айынан бастап 132 мың оқушыға арналған 154 мектептің құрылысы басталды. Қазір өңірлердегі 194 мектеп жөнделіп бітті, тағы 66 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 2024 жылы тағы 300-ге жуық жаңа мектептің құрылысын бас­тау­ жоспарланған. Жаңа мектептер қайда, қай өңірлерде, нешеуден салынады?

Биыл бас-аяғы 296 мек­теп салынбақ, оның ең көбі Түркістан облысында бой көте­реді. Туу көрсеткіші жоғары өңір­де 43 мектептің құрылысы бас­талады. 2024 жылы салынатын мектептер саны бойын­ша екінші орында 31 мектеп­пен Ақтөбе облысы тұр. Алғашқы үштікті Алматы облысы қорытындылап тұр, бұл облыста 28 оқу ошағы бой көтер­мек. Жаңа мектеп салу жөнін­де санақтың соңын Абай облы­сы (5 мектеп), Солтүстік Қа­зақ­стан, Павлодар, Жетісу об­лыстары (әрқайсысы 3 мектептен), Ұлытау облысы (2 мектеп) түйіндейді. Ал бетегеден биік, жусаннан аласа болып ортада жүрген өңірлердің ішінде үш мегаполис пен қалған 8 облыс бар. Ашып айтсақ, Алматы қаласында – 26, Астанада – 25, Шымкентте 12 мектеп салынады. Маңғыстау облысында – 19, Атырау облысында – 17, Жамбыл облысында – 15, Ақмола облысында – 14, Қарағанды облысында – 13, Қызылорда облысында – 12, Батыс Қазақстан облысында – 10, Шығыс Қазақстан облысында – 8, Қостанай облысында 7 оқу ошағының іргесі қаланады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin