Түркістан шаһарында келешекте IT университеті ашылады деп күтіліп отыр

Осыған байланысты «Түркістан IT университетін» құру туралы келіссөздер жүргізіле бастады. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сүлеймен Демирел атындағы университетінің ректоры Әлімжан Игенбаевпен кездесіп, облыс орталығында жоғары оқу орнының үлгісімен IT университетін ашу жобасын талқылаған болатын.

IT университетінің ашылуы аймақтағы технология мен білімге негізделген экономиканың дамуына ықпал етіп қана қоймай, жұмыс орындарының өсуіне және өңірдегі технология саласының дамуына септігін тигізбек. IT-білім берумен қатар, Business Inkubator сияқты орталықтарды ашу арқылы студенттерге бизнесті басқару дағдылары мен технологиялық инновацияларды дамытып, кәсіпкерлікке жол ашары сөзсіз.

– Облысымызда жастардың білімін жетілдіру, олардың алысқа кетпей-ақ, сапалы білім алуына мүмкіндік жасау біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып саналады. Түркістан облысы — жастар саны бойынша да республикада көшбасшылар қатарында. Бұл бастама облысымыздағы және жақын орналасқан басқа да қалалардағы жастардың жоғары білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуіне септігін тигізеді деп сенемін. Қазіргі заманда жаңа технологияны жетік меңгеру – заман талабы. Сондықтан осы бағытты күшейтуге күш салынады, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

SPT (SDU Proficiency test) – еліміздегі алғашқы жеке жоғары оқу орны. Университет басшылығының айтуынша, онда 8500-ден астам студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Сонымен қатар оқу ордасында 500-ге жуық профессор жұмыс істейді. Университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.

SDU University (ағылш. SDU University) —1996 жылы 17 желтоқсан күні Алматы қаласында ашылды.

SDU – оқу үдерісін халықаралық үлгідегі бағдарламаға сай жүргізетін оқу орны. SDU University материалдық-техникалық базаны нығайтуға, халықаралық серіктестермен байланыс орнатуға және білікті кадрлар даярлауға қабілетті ауқымды білім беру және ғылыми мекемелердің бірі. Университеттің стратегиялық жоспары оны тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда танылған әлемдік беделі бар жетекші жоғары оқу орнына айналдыруды көздейді.

Университет 2010-2011 оқу жылынан бастап өз жұмысын заманауи оқу-зерттеу құралдарымен жабдықталған «Smart Campus» қалашығында бастады. Кампустағы білім беру жүйесі 80% — ағылшын, 20%-қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. 14 гектар аумағында орналасқан жаңа оқу ғимараты өзінің 16 анфер лекция залы, 130-ға жуық аудиториясы, арнайы зертханалар, 1 стадион, конференц-зал, медициналық пункт, заманауи оқу құралдарымен, электронды ресурстармен жабдықталған 3 қабатты кітапханасымен білім алушыларға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар университет аумағында 4 370 шаршы метрлік SDU Life спорт және мәдениет орталығы қаланды. Орталық ішінде 2 тренажер залы, асхана, мәдени іс-шараларға арналған алаңдар мен 300 шаршы метрлік акт залы бар.

SDU University бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде 4 факультет бойынша бірқатар мамандықтарды ұсынады. Білім беру бағдарламалар саны – 56. Оның ішінде бакалавриат – 28, магистрлік бағдарлама – 21, докторлық – 7 бағдарлама бар.

Дамыған тіл мектебі кәсібилігін арттыру мақсатында ағылшын және түрік тілдерін үйренуді қалаушыларға әртүрлі деңгейдегі бағдарламаларын ұсынады. Жалпы айтқанда, Тіл мектебіне барлық қалаушылар қабылданады. IELTS және TOEFL тесттері бойынша да біліктілігі жоғары мұғалімдер көмектесе алады.

1996 жылы негізі қаланған SDU университеті білім беру бағдарламасын жаңа идеялар мен шығармашылыққа, этика мен принциптерге негіздеп, автономия мен бейімделушілік, шектеусіз жетістік, халықаралық мамандар арқылы білім беру жүйесін жетілдіретін Қазақстанның жетекші және инновациялық академиялық институттарының бірі болды. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап SDU университеті Академиялық адалдық лигасының мүшесі ретінде қызмет атқарып келеді. Академиялық адалдық лигасы – Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бірлестігі. Лиганың миссиясы академиялық адалдықтың он іргелі қағидатын ілгерілету және енгізу арқылы елдегі білім сапасын жақсарту болып табылады.

«Түркістанда ІТ университетін құру идеясы – үлкен мүмкіндіктерге жол ашады» — дейді жиынға қатысушылар. Олардың айтуынша, алғашқы 4 жылда болжамды түрде 2000 студент оқиды. Студенттер үшін жатақхана мен оқу блоктарын қоса алғанда қажетті нысан құрылысын жоспарлау ұсынылады. Мұнда әлемдік стандартқа сай білім алу үшін 3 тілді оқыту жүйесі қолданылады. Ақпараттық технологиялардың көптеген қосалқы салалары бар және олар үнемі дамып отырады. Сонымен қатар IT саласының Software development, Networking and Security, Artificial Intelligence and Machine Learning, Game Development, İnternet of Things (IoT), Cloud Computing сынды негізгі бағыттары қамтылады.

Жиында сондай-ақ аталған идеяның артықшылықтары да жан-жақты сараланды. Технология мен экономика саласындағы білімді дамытуға ықпал етеді, жұмыспен қамту мүмкіндіктері артады. IT университеті инновациялық жүйе мен кәсіпкерлікті жаңа сатыға көтереді. Аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдің халықаралық деңгейде танылуына септігін тигізеді. Осылайша жоғары білім деңгейінің көтерілуіне негіз болмақ.

Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласынан шетелдік үлгідегі жоғары оқу орындарын ашу жобалары жиі талқыланып келеді. ІТ университетін құру идеясы алдағы уақытта сол жобаның бірі ретінде қарастырылады.

Естеріңізде болса, былтыр сәуір айында Түркістан қаласында IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалы ашылуы мүмкін екендігі айтылған-ды. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды АҚШ-тың АҚШ Penn state (Пенсильвания) университетінің Түлектер бағдарламалары және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы Стивен Барнсты қабылдаған. Кездесуде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кездесу барысындағы ұсыныстар мен шарттар толық сарапталып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін, халықаралық талапқа сай оқу ордасын ашуға қолдау көрсетілетінін жеткізген болатын.

«Түркістан қаласында IT университет филиалын ашу мәселесіне қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. 2018 жылы Түркістан облысы құрылғалы бері бұл қалаға тартылаған инвестиция көлемі едәуір артқан. Қала құрылысында заманауи сәулет үлгілері қолданылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халық саны өсіп келеді. Облыстың екі миллионнан астам тұрғыны бар. Түркістан бұрын Қазақ хандығының астанасы болған. Қалада түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Бүгінгі таңда облыста екі университет бар. Қазіргі дәуір — цифрландыру дәуірі екенін ескеретін болсақ, өңір жастары үшін IT бағыты бойынша жоғарғы оқу орнын ашу қажеттілігі бар. Сондықтан Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын», — деген-ді өңір басшысы.

Стивен Барнс Түркістанның тарихи орнына тоқталып, қаланың дамып жатқанына, өңір басшысының құрметпен қабылдағанына ризашылығын білдірген.

«Ұлы Жібек жолындағы бірнеше елде жұмыс істегендіктен тарихынан хабардармын. Қазақ даласының тарихы тереңде, мұнда бұрыннан өркениет болған. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көріп, ғасырлардан жалғасқан сабақтастықты сезіндім. Мен Пенсильвания университетінде жұмыс істеймін. Үндістандағы Ұлттық сот сараптамасы университетімен тығыз байланыстамын әрі құрылтайшыларымен бірлесе жұмыс атқарып жүрмін. Халықаралық деңгейдегі келіссөздеріне көмектесемін. Футбол тілімен айтқанда, білім мен ғылым саласындағы үздіктерді іздейтін скаутпын. Түркістанға келу мақсатым — Үндістанның сол жетекші оқу ордаларының бірінің филиалын Түркістанда ашуға көмектесу. Жол, ғимарат салу оңай, бірақ, білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын іс. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимараты бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайын», — деді Стивен Барнс.

Ұлттық сот сараптамасы университеті (National Forensic Sciences University) — Үндістандағы киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы салалары бойынша әлемдегі жетекші оқу ордаларының бірі. Күрделі технологиялармен байланысты қылмыстар санының күрт өсуі кезінде ғалымдар мен технократтарға қажеттілік туындауына байланысты 2009 жылы құрылған. Оқу ордасы сот сараптамасы және криминалистика саласындағы 14 факультетте киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика бағытын қоса алғанда 75 (оның ішінде 10 мамандық IT саласына қатысты) мамандық бойынша білім береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin