Түркістан қаласындағы «Аsia Brend» жиһаз фабрикасы сапа мен тиімділікке жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттыруды көздейді

Loading

Соңғы жылдары Түркістан қаласында өнеркәсіп саласы қарыштап дамып, бұл өз кезегінде жұмыссыздың деңгейінің төмендеуіне оң ықпалын тигізуде. Әсіресе, жиһаз өндірісі алдыңғы қатарда тұр десек болады. Оған дәлел — Уйғун Абишев басшылық ететін «Аsia Brend» жиһаз фабрикасы. Аталмыш өндіріс орны өткен жылды табысты аяқтады. Атап айтсақ, елордада өткен «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық көрме-байқауында үздік үштіктен көрініп, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы А.Мырзахметовтың «Алғыс хаты» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

– Бұдан жеті жыл бұрын өз кәсібімді ашуға бел будым. Әрбір жұмысты бастар алдында ақыл-кеңес сұрайтын орта болады. Сол кезде маған дұрыс бағыт-бағдар берген жақындарыма алғысым шексіз. Міне, бастапқыда кезіккен барлық қиыншылықтарға мойымай, бұл күндері ұжым бірлігінің арқасында үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Бүгінгі таңда кәсіпорында 100-ден аса өнім түрлері дайындалады. Негізгі ұранымыз – сапа мен тиімділік, — дейді кәсіпорын басшысы.

Мұнда табан тіресеңіз, цехтың қабырғасына сапалы өнім, еңбек тәртібі, татулық пен бірлікке шақырушы ұрандардың жазылуы ұжым жұмысшыларын ерекше жігерлендіріп, еңбек өнімділігін арттыруына оң әсерін тигізіп отырғандығын аңғару қиын емес. Тұрғындар қалтасына қонымды баға мен ең бастысы сапаға көңіл бөлген Уйғун Ибраһимұлының бұл іс-әрекеті оның жоғары ұйымдастырушылық қабілетін аңғартса керек. Ол Шорнақ ауылына қарасты Қосмезгіл елді мекенінде 1982 жылы туылған. Шымкенттегі Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжін экономист-есепші мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде жұбайы Диера Қадыржанқызымен Чарос, Тимур, Фарангиз, Мұхаммедәлі есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде.

Бақтияр Мамаджанов, Мақсуда Абишева, Дилмұрат Ташметов, Жасур Абдезов, Жаһангир Аметов сынды тәжірибелі мамандар жиһаз фабрикасы жұмысының жүйелі жүруіне өз үлестерін қосуда. Германия, Италия, Түркия, Қытай мемлекеттерінен жеткізілген заманауи құрал-жабдықтарды жетік меңгерген, компьютерлік бағдарлама арқылы күрделі станоктарды басқарып отырған білімді, ақылды жастарды көріп, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына бек сеніммен қарайсың. Олармен әңгімелессеңіз, барлығының өз жұмысын адал атқарып, сапалы еңбегінің арқасында нәпақасын тауып отырғандарына риза екендіктерін айтады. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдер мен дәмді тағамдар кәсіпорын есебінен берілуі қызметкерлер мен жұмысшыларға әлдеқайда қолайлық пен жеңілдік туғызып отыр.

«Аsia Brend»тің өнімдеріне Қазақстанда сұраныс жоғары. Бұған басты себеп – жиһаз фабрикасының жаңашылдыққа бет бұрып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруында. Аталмыш кәсіпорынның қазіргі таңда Астана, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларында арнайы өкілдіктері жұмыс істейді. Тұтынушылар сұранысына қарай қажетті барлық отандық өнім 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін бағада сатылуда. Ал, тұтынушыларға сатып алған жиһаздарын үйлеріне жеткізу мен құрастыру фабрика есебінен атқарылуы да қосымша жеңілдік болып табылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You