Түркістан қаласында Ислам институты ашылатын болды

Бұл жөнінде жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновпен кездесуінде мәлім болды. Кездесуде руханият саласындағы мәселелер қозғалды. Сонымен бірге Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан «Қылует» рухани-мәдени орталығынан Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу бастамасы талқыланды.

– Түркістан – киелі жер, рухани орталық. Түркістанға жылына кемінде 3-4 рет келмесек, сағынып қалатынымыз бар. Осында қолға алынған бастамалар Қазақ еліне тарайды. Жаңа жылды қасиетті Түркістандағы игі істермен бастап отырғанымызға қуаныштымыз. Шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Сонымен бірге облыста салынып жатқан медресенің іргетасын қалау рәсіміне және бір медресенің ашылуына қатысып қайттық. Қазіргі таңда демеушілер есебінен «Қылует» рухани орталығы салынуда. Оған тікелей қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге, барша демеуші азаматтарға Муфтияттың және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін. Осы институт имамдарымыздың білімін жетілдіретін орталыққа айналады деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Биыл 600-ден астам іс-шара өтеді. Сол іс-шараларды Түркістаннан бастап, «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық ғылыми-танымдық конференциясын өткіземіз, – дейді Наурызбай-қажы Өтпенов.

– Түркістан рухани астана болғандықтан, біздің шаһарға көбірек көңіл бөліп отырсыздар. Шаһарда Ислам институтын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Имамдар жастармен, халықпен тығыз жұмыс істеп, рухани, діни тәлім береді. Сондықтан олардың білімін жетілдіру – уақыт талабы. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан дәріс алу арқылы имамдарымыздың білімі жетіле түсіп, елге сапалы қызмет етеді деп сенемін. Жастар тәрбиесі, руханият саласындағы игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференция өткізуді де қарастырайық. Қазақтың руханиятын, Түркістанның тарихын дәріптеуде бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынып жатыр. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орынға арналған жатақхана, 60 орынға арналған асхана салу көзделген. Бұл ірі жобалар демеушілік есебінен жүзеге асады.

Бүгінде Түркістан облысындағы мешіттерде мыңнан астам діни қызметкер бар. Ал 5 өңірде 2 мыңнан астам өкіл қызмет етеді. Аталған рухани орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдардың білімін жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен бірге имамдарға терең білім беру, тарихты, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін арттыру да жоспарланған. Дін ғұламалары мен теологтар дәріс береді.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы мен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Қылует» рухани орталығының және орталық құрамындағы Ислам институтының құрылыс барысымен танысқан болатын. Орталық биыл ашылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге Түркістанда 300 адамдық мешіт ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов қатысты. Мешітті салуға «Үлес» қайырымдылық қоры және тұрғындар мен кәсіпкерлер демеуші болған.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістандағы «Фараб» әмбебап кітапханасында «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық конференциясы өтті. Маңызды жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, теологтар, дін ғұламалары және дін саласының өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары руханият саласындағы жұмыстардың маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– Топырағы тарихқа тұнған, күллі түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қасиетті шаһарда ислам ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген, ілім таратқан. Ел басқарған хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен батырларымыз мекен еткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесінде халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін айтқан болатын. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде. Түркістан облысында 700-ден астам мешіт бар. Онда 1100-ден астам имам елге қызмет етуде. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен, елдің демеушілігімен, биыл Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам институтын ашу жоспарланып отыр. Осы институтты ашу арқылы имамдарымыздың біліктілігін арттырумен қатар, ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектебімізді жаңғыртуды маңызды деп санаймын. Бүгінгі республикалық конференция руханият саласын серпілтіп, ел бірлігін сақтау бастамаларына тың серпін береді деп сенемін, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мазмұнды баяндама жасады.

– Жаһандану заманында әлемдік сын-қатерден сақтанудың дара жолы – дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Біз қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен алғашқы жиынымызды жақсы ниетпен әулиелер мен хан-сұлтандарымыздың мәңгілік мекені болған рухани астанамыз – Түркістан шәрінде өткізіп отырмыз. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет…» деген. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған. Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір жастар арасында электронды темекіге, құмар ойындарға тәуелділік, өрімдей қыздар арасындағы ерте жүктілік сынды мәселелер үлкен дертке айналды. Имамдар бұған қатысты жұма намаздарында уағыз айтып келеді. Бұл – баршамызға ортақ мәселе боғандықтан, бір үйдің баласындай бірігіп, жастарымызды қауіпті дерттен құтқаруға көмектесейік. Қоғам арасына іріткі салғандардың идеологиясына халықтың қарсы қорғанысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді, – деді Бас Мүфти.

Республикалық басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялануына орай, аталған тақырыпты кеңінен насихаттау. Сондай-ақ бұл рухани насихат жұмыстары Түркістан облысынан бастау алып отыр.

Конференция барысында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов, «Нұр-Мәбарак» ислам университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, профессор Досай Кенжетай, Қ.А.Ясауи ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар тақырып аясында ғалымдар мен мамандар ойлары ортаға салынып, ұсыныс пікірлер айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin