Футболдан Қазақстан суперкубогы алғаш рет шетелде өткізіледі

 
Футболдан 2024 жылғы Қазақстан суперкубогы алғаш рет республикадан тыс жерде өтеді. Аталған ойында 25 ақпанда «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары кездеседі. 

Суперкубок ойындары биыл 17-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл кездесуде өткен жылғы ел чемпионы атанған «Ордабасы» мен Қазақстан кубогының иегері «Тобыл» бәсекеге түседі.

Айта кетсек, Еуропаның үздік футбол лигаларында суперкубокты шет елде өткізу бұрыннан бері тәжірибе жүзінде іске асып келеді. Мысалы, Франция суперкубогының чемпионы 2009-2022 жылдар аралығында 8 мемлекетте анықталды. Ал Италия суперкубогының жеңімпазы 6 елде белгілі болды. Сондай-ақ Испания суперкубогының ойындары кейінгі 3 жылда Сауд Арабиясында өткізілуде.

«Біздің идеямыз — Суперкубокты алғаш рет шетелге шығару және оған халықаралық сипат беру. Біз қазақстандық футболдың өрлеуіне куә болып отырмыз. Жетістіктерімізді әлем елдері ерекше қызығушылықпен бақылай бастады. Ұлттық құраманың нәтижесі ел футболына қызығушылықты арттырды. Ұлттық құрама наурыз айында 2024 жылғы Еуропа чемпионаты плей-офф кезеңі аясында Грекиямен маңызды ойын өткізеді. Футболшыларымыздың осы ойын алдында жақсы күйде болғанын қалаймыз. Сондықтан Анталиядағы Суперкубок ойыны маңызды аспектілердің бірі ретінде саналмақ. Бұл қаланы таңдаудағы себебіміз, қаңтар айынан бастап, көптеген отандық клубтың оқу-жаттығу жиындарының өтуіне байланысты», — деді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян.

Ойын «Титаник Мардан» стадионында өтеді. Бұған дейін аталмыш алаңда Қазақстан ұлттық құрамасы мен өзге елдер бірнеше мәрте жолдастық кездесулерін ұйымдастырған.

«Антальяспор» клубының жаттығу базасы саналатын стадион кезінде футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатын қабылдаған. 

Ойын Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де басталады. Кездесуді отандық «Qazsport» республикалық телеарнасы тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, Ұлттар лигасында футболдан Қазақстан құрамасының ойын кестесі белгілі болды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin