
Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықтың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Яғни, бір уақытта 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істейтіндіктен, жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндік бар.
Аталған мектеп оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады.
Тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күресу залы, жекпе-жек залы, үстел теннисі ойындарының залы орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сонымен қатар футбол алаңы, баскетбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңы оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануға арналады.
«BI-Global» ЖШС-і салып жатқан нысан құрылысы 2021 жылдың аяғында басталды. Таяу арада Оқушылар сарайы мемлекеттік мекеме ретінде балалар игілігі үшін пайданалуға беріліп, жүзге жуық қызметкер жұмысқа тартылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына қатысты Шымкентте бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы оқушылар сарайы мен шығармашылық орталықтың, ал 2025 жылы тағы бір оқушылар сарайының құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Оның бірінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуге дайын болса, ал, Тұран шағын ауданындағы оқушылар сарайының жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайды. Нысанның құрылысына 2023 жылы жергілікті бюджеттен 936,6 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмысы 2024 жылға өтпелі.
Мұнан бөлек, Шымкентте 2021 жылы жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын №4 балалар шығармашылық орталығының құрылысы басталған-ды. Бұл нысанның құрылысын да 2 жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкентте 2 лагерь құрылысына бос жер анықталып, республикалық бюджеттен қаражат қаралған. Бүгінде құрылыс жүргізу бойынша құжаттары дайындалып отыр.