«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ»: ЖАС БАСКЕТБОЛШЫЛАР ШИРЕК ФИНАЛДА БАҚ СЫНАУДА

«Шымкент жастар лигасы» биыл үшінші жыл дәстүрлі түрде өтіп жатыр. Мектеп оқушылары волейбол, шахмат, футбол, баскетболдан сынға түсуде. Солардың ішінде, бүгін баскетболдан ширек финал басталды.

Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және ел чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылған. Былтырғы жылы жеңімпаз командаға автобус сыйға берілді. Биылғы жеңімпаздарды да үлкен жүлделер күтіп тұр, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мақсат Орынбаев.

Ойын нәтижесі бойынша, №55 жалпы орта білім беретін мектеп, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы, Қ.Сыпатаев атындағы №7 IT мектеп-лицейі және Назарбаев Зияткерлік мектептері ширек финалда бақ сынасты.

Осы жарысқа бар күшімізді салып дайындалдық. Баскетболға 4 сыныптан бастап қызығып, сол уақыттан бері осы спорт түрімен айналысамын. Жарыс жастардың спортқа деген ынта-жігерін арттырмаса, кемітпейді. Осындай ойындар жиі болса, жастардың арасынан іріктеліп, республикалық деңгейге жететін командалар пайда болады. Сондықтан спорттық жарысты ұйымдастырған қала әкіміне және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Ойын тартысты өтті, – дейді №55 жалпы орта білім беретін мектебінің 11 ә сынып оқушысы Дәулет Әлмұқанов.

Естеріңізге сала кетейік, «Шымкент жастар лигасы» жобасы Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған еді. Аталған жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында ұйымдастырылды. Осы мақсатта барлық мектептерден футбол (ұлдар арасында), баскетбол (ұлдар арасында), волейбол (қыздар арасында), шахмат (ұлдар, қыздар арасында) командалары және оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылады. Әр команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.

Жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клуб» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.