«ШЫМКЕНТ КОНЬКИІ-2023» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Мұз сарайында өтіп жатқан респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысып отыр. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.
Төрт күнге жалғасатын республикалық сайыста мәнерлеп сырғанаушылар өз разрядтарын қорғамақ. Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлының айтуынша, мұндай турнир бұқаралық спортты қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
– Спортшыларымызды кәсіби аренадағы үлкен додаларға дайындауда осындай спорттық сайыстың маңызы зор. Бүгінгі шараға көршілес елдерден де мәнерлеп сырғанаушылар келіп отыр. Спорттағы разрядттық санаттары мен жас ерекшеліктеріне сай мәнерлеп сырғанаушылар төрт күн бойы қазылар алқасына өз өнерлерін ұсынады, – деді Е.Дәрменов.
Ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінің олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Олег Мельников мерекелік қойылыммен ашты. Түскі үзілістен кейін жасөспірім мәнерлеп сырғанаушылар турнирді жалғастырды.
Тілге тиек етейік, егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисіне айналған шырайлы Шымкент шаһарында спорт қарқынды дамып келеді. Саңлақ спортшыларымыз республикалық, Халықаралық жарыстарды айтпағанның өзінде, Олимпиада, Әлем, құрлық чемпионаттарынан жүлдесіз оралған емес. Заманауи спорт кешендеріміз де жеткілікті. Әсіресе шаһарда қысқы спорт түрлері қарқынды дамып, қызығушылыққа ие.
Шымкент қаласындағы №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервіне балалар мен жасөспірімдер мектебінде 400-ден астам шәкірт спорттың 5 түрімен шұғылданады. Олар — әмбебап жекпе-жек, фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккей. Спорт мектебінің болашаққа жоспары көп.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.