
Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкенттегі “Еңбекші” ауданына қарасты “18” шағын ауданда орналасқан №21 және №25 көпқабатты үй аулаларында балалар ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне берілді.
Аталмыш аулаларды абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тікелей тұрғындардың ұсынысымен іске асырылды.
Ашылу салтанатына аудан тұрғындары, “Еңбекші” аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшибеков , «Amanat» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырды.
Биылғы жылы бағдарлама аясында 73 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Сонымен қатар жеке секторда 6 кешенді балалар алаңшасы құрылды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,8 есеге өскен.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда қала әкімі Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Шаһар басшысы жиынға қатысқан 300 ден аса тұрғынның 42 сұрағына жауап беріп, әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді. Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.Өз кезегінде аудан әкімі Есбол Досбол Еңбекшідегі 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын, аулалар мен саябақтарды абаттандыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстары мен көрсеткіштерін жайлы баяндады.Жиында қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұрғаны да айтылды. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары. Ал жаңадан салынып жатқан “Жұлдыз” экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланғанын жеткізді. “Осының нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны ашылмақ.
Айта кетейік, Еңбекші ауданында 313 200-ден астам халық тұрады. Аудан бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге өскен.