Шымкентте ерекше балалар арасында боулингтен турнир өтті

Шымкент қаласында «Special Olympics Kazakhstan» жоба аясында боулингтен турнир өткен болатын. Бұл ерекше білімді қажет ететін балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған ең ірі спорт ұйымы. Арнайы Олимпиаданың миссиясы – зияткерлік дамуында ауытқулары бар балалар үшін әртүрлі олимпиадалық спорт түрлері бойынша жыл бойы жаттығулар мен жарыстарды ұйымдастыру.

Республика көлеміндегі бұл ойынға Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан қатысушылар жиналды.⠀

Турнирдің ашылу салтанатына Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева қатысып, жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

—⠀Оқу-ағарту министрлігінің тікелей басшылығымен барлық білім ұясында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген спорт түрінен жарыстар өтеді. Ал бүгінгі атаулы ойында ерекше балалар ойын көрсетеді. Олардың мұндай сайысқа қатысқанының өзі ерлік. Сайысқа оқушыларды тыңғылықты дайындаған ұстаздардың еңбегі көңіл қуантады. Барлық спортшылар биік тұғырдан көрінуге лайық, — деді Жанат Тәжиева.

Мүмкіндігі шектеулі балалар⠀арасында боулингтен республикалық турнирге Шымкент қаласы әкімдігі, Шымкент қаласының білім басқармасы, «GALAXY BOWLING» ойын-сауық орталығы, «Визит»ЖАҚ,⠀«Sity» қонақ үйі қолдау білдірді. Мұндағы мақсат – қатысушылардың спорттық жетістіктері арқылы өзіне деген сенімділік пен өзін-өзі қорғауды дамыту. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуді жеңілдетеді, жұмыс мүмкіндіктерін ашады және нәтижесінде қоғамға көбірек қатысуды қамтамасыз етеді.

⠀— Боулингтен жарысу — балаларға қай жағынан алып қарасақ та өз көмегін тиігізері анық. Сайысқа келген балалардың өздері арнайы әлеуметтік қызмет орталығынан болғандықтан, сыртқа көп шықпайды. Сондықтан олар осындай жарыстар арқылы бір серігіп, қоғамның мүшесі ретінде сезінеді. Алдағы уақытта ауқымды ойындар болады деп үміттенеміз.. Бұдан бұрын да атлетикадан өткен сайыста екінші орынды иеленгенбіз,-деді Шығыс Қазақстан облысынан келген Ерік Асанұлы.

«Special Olympics Kazakhstan» Шымкентте екі күнге жалғасады. Сайыс 8 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерге арналған. Бұл ойын жыл бойына өтетін спорттық бағдарлама. Оған 2,25 миллионнан астам спортшы қатысып, 170 елде 30 олимпиадалық спорт түрі бойынша спортшылар жергілікті, аймақтық, ұлттық және Дүниежүзілік ойындарда өз шеберлігін көрсеткен болатын.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.