Шымкенттік Махмұд Сабырхан – Әлем чемпионы!

Қазақтың қанжығасында тағы бір алтын! Қазақ боксшысы Махмұд Сабырхан Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. 54 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған жерлесіміз финалда алаң иесі өзбекстандық Ойбек Жураевты жеңді. Осылайша 21 жастағы шымкенттік боксшы Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтынды салды. 54 келі салмақта сынға түскен боксшылар алғашқы раундта өзара аңдысып, ара-тұра соққы алмасты. Дегенмен, қарсыласына қарағанда белсендірек болған отандасымыз 1-раунда 5:0 есебімен басым болды.

Екінші раундта Махмұдтың жойқын соққыларынан Ойбектің қас-қабағы тілініп, қан кетті. Өзбекстандық боксшыны тексерген дәрігерлер оған кездесуді жалғастыруға рұқсат берді. Раунд нәтижесі бойынша 4:1 есебімен Махмұд тағы да алға шықты.

Шешуші раундта жағдай өзгере қоймады. Боксшымыз қарсыласынан 3 минут бойы басым болды, әрі өзбекстандық боксшыны 2 рет нокдаунға түсірді.Осылайша ақтық бәсекеде өзбекстандық Айбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберген Махмұд айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Махмұд екі жыл бұрын Белградта өткен жаһандық доданың күміс жүлдегері атанған. Сайыпқыранымыз бұл жолы ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте шеберлігін паш етті. Мұны қапталдағы төрешілер де мойындады. Жерлесіміз осыған дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын жеңген болатын.

Ұлттық құрама қоржынына кезекті алтын жүлдені сыйлаған спортшымызды құттықтаймыз!

Айта кеткен жөн, бұған дейін 19 жасар Санжар Ташкенбай 48 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде жеңіп алған. Сондай-ақ, Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Естеріңзге сала кетейік, 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында ел үміт күткен 19 жастағы Махмұд Сабырхан әлемдік сынды екінші орынмен аяқтаған еді. 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд финалда жапондық Тамоя Цубойдан 0:5 есебімен ұтылған болатын.

Әлем Чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Махмұд Сабырхан: «Бұл жалғыз менің жеңісім емес.Ата-анам, бапкерлерім және жанкүйер болған халықтың жеңісі. Әлем чемпионатында бес кездесу өткіздім. Оның төртеуін жеңіспен аяқтадым. Барлық жекпе-жегім оңайға соққан жоқ. Олимпиададан кейін әлем чемпионатына барымызды салып дайындалдық. Чемпион атанамын деп ойлаған едім. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Келесі жылы Азия ойындар болады. Әрі Ташкентте өтетін әлем чемпионатында көк туымызды көтергім келеді. Жарыстарға дайындалып, өз есемді қайтарамын»,– деген еді. Ол сөзінде тұрды!

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.