Шымкент: Биыл 232 мыңнан астам бала жазғы лагерде демалады

Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы 245 862 оқушының 232 424 оқушысы (94,5 %) жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.

Оның ішінде 19 024 бала және кәсіподақ тарапынан 90 бала қала сыртындағы және 213 400 бала мектеп жанындағы алаңдарда демалады.

2024 жылдың жаз айында балаларды сауықтыру, жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін қала бюджетінен 399 млн. 162 мың теңге қаралған.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева айтты.

Қаланың бас педагогы одан бөлек кәсіподақ ұйымдары 90 балаға 3 млн. 600 мың теңге қарау жоспарлауда. Қала сыртындағы лагерлерді ұйымдастыру кезінде мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы, толық емес, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына басымдық беріледі.

Сондай ақ балалар үйінің 123 тәрбиеленушісі қала сыртындағы лагерлерде 3 ай бойы демалатын болады.

1-10 сынып оқушыларына маусым айында жалпы орта білім беретін мектептердің жанынан жазғы сауықтыру алаңшаларын ашу жоспарланды. Мектеп жанындағы алаңшаларда балалар түрлі үйірмелермен (футбол, баскетбол, волейбол, шахмат т.б.) қамтылып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кетейік, биыл 11-сыныпты бітіретін 13 286 оқушының 458-і «Алтын белгіге» үміткер санатына енген. Ал «Үздік аттестатқа» 11 сынып бойынша 641 оқушы үміткер болса, 9 сыныптар бойынша 1158 оқушы үміткерлер қатарына кірген.
Биыл алғаш рет 5,6,7,8,10 сыныпта оқитын 116 649 оқушы 27-30 мамыр аралығында қазақ тілінен аралық емтихан тапсырады. Емтихан тапсырмасын орындау үшін 180 минут беріледі. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардан өткен тақырыптар мен оқу мақсаттарына сәйкес емтихан алынады. Сонымен қатар, биыл 9-10 сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2024 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында ана тілі, математика, қазақ тілі мен әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша өткізіледі.
Ал, 11-12 сыныптың білім алушылары үшін бітіру емтихандары 2024 жылғы 28 мамыр мен 11 маусым аралығында бес пән бойынша өтеді. Емтихан пәндері; ана тілі, математика, қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті (орыс, өзбек) және таңдау пәндері бойынша жүретін болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin