Шымкент: Қаратау ауданында апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі өтеді

Шымкент қаласы Қаратау ауданында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, аудан аумағында апта сайын тұрақты түрде 5 орында жәрмеңке ұйымдастырылып келеді.

Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап өткізілген баспасөз турында Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов айтты.

Журналистер, ең алдымен, Қаратау ауданы Тұран шағын ауданындағы азық-түлік жәрмеңкесінде болды. Мұнда ұн, жұмыртқа, ет, шұжық, сүт өнімдері мен күнбағыс майы секілді ең қажетті өнімдер нарықтан 15 пайызға арзан бағамен сатылып жатыр. Тұрғындар үйіне жақын жерде өтетін әрі бағасы да қолжетімді болғандықтан жәрмеңкеге жиі келетінін айтады.

Мұнан кейін аудандағы инфрақұрылым желілерінің құрылысымен таныстырды. Атап айтқанда, аудандағы балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдарының құрылысын көріп шықты.

Қаратау ауданының аумағында бүгінде 494 көпқабатты үй бар. Олар 155 аулаға біріктірілген. Қолданыста 128 ойын алаңшасы мен 70 спорт алаңшасы бар. Өткен 2022 жылы ауданымызда 41 аула абаттандырылып, 10 спорт алаңшасы салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр. Биылғы жылы 34 ауланы абаттандырып, онда 7 спорт алаңшасы салуға 1 миллиард 460 миллион теңге бөлінді, — деді Р.Мүлкеманов.

Қаратау ауданында басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 70 көше орташа жөндеуден өтіп, асфальт төселсе, жалпы ұзындығы 33 шақырымды құрайтын 41 ішкі орамдық көшелерге шағал тас төселеді.

Одан бөлек, Шымкент қаласы Қаратау ауданында жаңадан 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылдың соңына қарай аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100 % қамтылады деп жоспарланып отыр.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.