Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға байланысты Түркістан қаласында маңызды қадам жасалды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде әлем тілдерінің ішінде орын алу қажеттігін ескертіп, осы қажеттіліктің жүзеге асуы үшін жоғары оқу орындары мен ғалымдардан бастап бүкіл мекемелерге тапсырма берген болатын. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру тек тіл ғалымдары атқаратын шаруа емес. Ғылымның әр саласындағы мамандар өзара ынтымақтаса отырып, ғылыми тілді жүйелеудің озық үлгілерін қаперге алуы қажет. Осыған орай Түркістан шаһарында «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында өткен симпозиум барысында сала мамандары қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі әлеуеті, тілдің дамуына кедергі болып отырған мәселелерді ортаға салды.

Пленарлық отырысқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Дархан Қыдырәлі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев және өзге де зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру жүйесінің басшылары, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Іс-шарада университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.

Сонымен, симпозиумда алғашқы құттықтау сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек басқосудың мән-маңызын былайша атап өтті:

– Қазіргі таңда кез келген тіл сақталып қалуы үшін цифрлық технологиялардың әлеуеті болуы керек. Осы тұста министрлік алдында үлкен міндет тұр. Сол себепті алғашқы симпозиумды «Дәстүр және инновация» деп атадық. Біріншіден, дәстүр жағынан қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрамызды сақтап қалуымыз керек, екінші жағынан біз инновацияны дамытып, өз тілімізде алгоритимді қалыптастырмасақ, ұлттық лингвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйелерімізді пысықтамасақ онда, шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл. Біз қазіргі таңда күнделікті чат-боттар, SIRI арқылы адам емес, цифрлық тұлғалармен коммуникация құрып жатырмыз. Сондықтан лингвистика саласында жаңа көкжиектер, жаңа тақырыптар ашыла бастады. Осы мүмкіндіктерді қолдана білуіміз керек, – дейді министр.

Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Дархан Қыдырәлі ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Симпозуимда сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс әкімінің атынан келген қонақтарға алғыс білдіріп, аталмыш шараның Түркістан үшін үлкен мәртебе екен жеткізді.

– Ғылым – елдің барлық бағытта дамуының нақты кепілі. Қазақ тілі қазақтың ғана тілі емес, барша қазақстандықтардың басын біріктіретін ұйымдастырушы тіл, ғылым мен техниканың, мемлекетті басқару мен заң тіліне де айналып келеді. Бүгінгі жиынның маңыздылығын ескеріп, тарихы терең киелі өңірдің төрінде ұйымдастырған білім ордасына алғысымызды білдіреміз, – деді.

Пленарлық отырыста тіл мәселесін қоғам алдында көтеріп жүрген ғалымдар өзекті баяндамалар жасап, қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселелерін талқылады.

«Екінші құрылтайдың қасиетті Түркістан жерінде өтуінің аса маңызды символдық мәні бар. Бұл жерде мен қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде сөз сөйледім. Осы мәселені Президент те айтты. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ана тіліміз білім мен ғылымның тілі болуы қажет. Мәдениет және спортты түсінетіндер көп. Ал ғылым­ның тілін кім түсінеді? Қазақ деген ел шын мәнінде осы ғасыр­дан өтіп, тарих топырағына көмі­ліп қалмаймын десе, тех­ни­калық ел болуы керек. Тәуел­сіз­діктің төресі – техникалық тәуелсіздік.

Жақсы көлік, жақсы компьютер шығарсақ, экономика күшті болады. Әскер мықты болса, сенің сөзің де өтімді болады. Кейінгі жылдары қа­зақ ғылымына қажетті жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірін­ші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның да­муы – заңды құбылыс. Біз­дің елімізде бұрынғымен са­лыс­тырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр» — дейді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.

Иә, жаратылыстану бағытындағы көптеген ғалым «Қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды» деген пікірді ұстанады. Алайда, ол бұл пікір негізсіз. Оған тарихтан бірнеше мысал келтіруге болады. 

Мәселен, Ренессанс дәуірінде Еуропа елдерінде бүкіл ғылым грек, кейін латын тілінде жазылды. XVII ғасырда Еуропа ғалымдары алғаш рет өз тілінде шығарма жариялады. Солардың бірі бұған дейін барлық еңбегін латын тілінде жазып келген Исаак Ньютон тұңғыш «Оптика» деген трактатын ағылшын тілінде жазып шықты. Дәл солай Галилео Галилей өз шығармаларын италян, Карл Гаусс неміс тілінде жаза бастады. Егер бұл ғалымдар ғылымды өзінің ана тілінде жасамаса, қазір Германия, Италия, Англия деген мемлекеттердің ғылымының даму-дамымауы екіталай еді. Бұдан кейін XIX ғасырдың II жартысында венгер, чех, еврей және поляк тілдерінде ғылым жасалды. Қазақ даласында да ғылымды қазақшалау үрдісі мықты жүрді. 

Симпозиумның басты мақсаты – ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау және келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау. Сонымен қатар ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру, ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу, ғылыми тәуелсіздік, ғылым және қазақ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау болып саналады.

Айта кетейік, республикалық симпозиум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен өтті. Екі күнге созылған басқосуда ғалымдар 6 секция бойынша баяндамалар жасап, ой-пікір алмасты.

Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» және «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өтті.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен салтанатты іс-шарада алғашқы сөз тізгінін алған ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерді қасиетті Түркістан қаласында жинадық. Біздің ғалымдар күн сайын отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеп, жобалар әзірлейді және тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Біздің міндетіміз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 айдың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сондай-ақ, сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғылыми көрме өтеді. Біз сіздермен мақтанамыз, сондықтан еңбектеріңізді насихаттау жолындағы ортақ жұмысымыз қарқынды түрде жалғасады» — дей келе, министр қос байқау нәтижесінде үздік деп танылғандарды марапаттады.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру мекемелерінің басшылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Айтулы жиынға 500-ден астам көрермен жиналды.

Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» байқауына әртүрлі ғылым бағыттары бойынша жалпы саны 307 өтінім келіп түскен болатын. Нәтижесінде «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары» және «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік» бағыттары бойынша 50 ғалым үздік деп танылып, 2000 АЕК көлемінде сыйақыға ие болды.

Ал «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауының мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және оларды одан әрі кәсіби дамуға ынталандыру. Биыл конкурсқа 80 жоғары оқу орнынан барлығы 768 үміткер қатысып, комиссия шешімі нәтижесінде 43 қазақстандық ЖОО-ның 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК көлемінде сыйақы алды. Ақшалай ынталандырудан басқа, арнайы төсбелгіге ие болды.

Аталмыш байқауға Ахмет Ясауи университетінің 7 оқытушысы да қатысып, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2023» атағына ие болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin