
Қазіргі уақытта республика көлемінде есірткі қылмысының жолын кесуге бағытталған «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бес айға жоспарланған іс-шараның басты мақсаты есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау деректерінің жолын кесу болып табылады.
Ауқымды операция кезінде 2 ай ішінде Шымкент қаласы бойынша құрамында есірткі бар өсімдіктерді егіп-өсірудің жалпы 24 дерегі анықталды. Мәселен, шілде айында үйінде есірткі өсімдіктерін өсірумен айналысқан тұрғын анықталды. Тексеру барысында оның ауласынан жалпы салмағы 37 келіден асатын 474 түп «сора» есірткі өсімдігі тәркіленді. Күдікті қамауға алынды.
Сондай-ақ рейдтік жұмыстар барысында осыған ұқсас есірткі қылмысы анықталып, тергеп-тексеру басталды.
Осы орайда, Шымкент қалалық полиция департаменті ескертеді: құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіргені үшін бас бостандығынан айырумен байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Тамыз айының алғашқы аптасында Шымкент қаласында есірткі заттарын таратумен айналысқан екі кәмелет жасқа толмаған жасөспірім ұсталды. Олар аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткілерді «жасырып кету» әдісімен айналысқан. Олардың бірінен 10 дана есірткі орамасы, екіншісінен 44 есірткі орамасы табылып, тәркіленді.
Полиция ескертеді, есірткіні өткізу мақсатында жасалған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
Жалпы, есірткіні қолданудан болатын қылмыстар санының өсуіне оны насихаттайтын сайттардың тигізіп жүрген ықпалы мен қоздырғыш күші аз емес екені белгілі. Мұндай мазмұндағы жарнамалардың ауқымын тоқтатудың басты жолдарының бірі оларды бұғаттау болып табылады.
Соған сәйкес, Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұдайы түрде интернет желісінде есірткіні саудалайтын, оны насихаттайтын және жарнамалайтын парақшаларды анықтау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, осы мақсаттағы жұмыстарға кибер-еріктілер құрамы да жұмылдырылған. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде биылғы 7 айда 1243 заңға қайшы мазмұндағы интернет сайттар, парақшалар мен каналдар анықталып, бұғаттау үшін ақпараттық жүйеге енгізілді.
Айта кеткен жөн, көрсетілген парақшаларды жүйеге енгізген соң, оны бұғаттау сатысында арнайы мамандар тарапынан оларға саралау жүргізіліп, нақты әрі жеткілікті негіздер болған жағдайда бұғаттауға қорытынды келісім беріледі.
Бүгінде тәртіп сақшылары осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үстінде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
