Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді

Loading

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысты. Құлшылық үйінің орталық залында Құран оқылды.

Мешіт Өзбекстан Президентінің Түркістан тұрғындары мен барша қазақстандықтарға тартуы ретінде салынған. Ғимаратта дәстүрлі ислам элементтері заманауи құрылыс технологияларымен үйлесім тапқан. Қасбеті мен ішкі аумағы ұлттық ою-өрнекпен және мұсылман каллиграфиясымен безендірілген. Мұнаралардың биіктігі – 61 метр. Ғибадат орны жаңа инженерлік желілермен жабдықталған. Сондай-ақ абаттандырылған аумақта жарықтандыру жүйелері, демалыс аймақтары, субұрқақтар бар.

Мемлекет басшысы: «Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды. Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту. Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін.

Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы. Менің пікірімше, бұл мешітке «Миромон ата» аты берілсе, өте орынды болар еді. Қос халқымыз бұл шешімді қолдайтынына еш күмән жоқ. Себебі осы қасиетті нысан біздің арамыздағы мәңгі достыққа қызмет етеріне сенімдіміз», — деді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You