Жетісай ауданы: Аудандық спорт клубы спорттық үйірмелерді ашуды қолға алып отыр

Жетісай ауданы әкімінің қаулысына сәйкес жуырда ғана жұмысын бастаған аудандық спорт клубы бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді.


Аз ғана уақыт ішінде жастар мен ерексектер арасында спорттың футбол түрінен лигалар ұйымдастырып, қала, кент, ауылдық округтерден спорттық үйірмелерді ашуды қолға алып отыр.

Ондағы мақсат – жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына жағдай жасау, дағдыландыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, бұқаралық спортты дамыта отырып дені сау ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ел чемпиондарын дайындау болып табылады.

Міне, осы бағытта аталмыш спорт клубы аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімі мен Қазыбек би ауылдық округі әкімінің қолдауымен 2007 – 2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында кіші футболдан Жетісай ауданының ашық біріншілігін өткізді. Байрақты бәсекеге Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Жетісай аудандарынан 12 команда қатысып, бақ сынасты. Өзара мықтыларды анықтаған шараның ашылу салтанатына аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Дәулет Оразов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбет пен аудандық спорт клубының директоры Талас Битуреев, спорт саласының ардагерлері мен майталмандары қатысты. Жасыл алаңға жолдама алған жасөспірімдерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, сәттілік тіледі. Ашық біріншіліктің өтуіне демеушілік жасаған Қазыбек би ауылдық округінің спорт жанашырларына Еркебұлан Сейдалиевтің алғыс хаты табыс етілді.

«Спорт – тәрбие құралы. Жас ұрпақтың жүрегіне Отансүйгіштік сезімін қалыптастыру үшін спорт таптырмас көмекші. Себебі, өскелең ұрпақты спортты сүюге, оны серік етуге баулу арқылы тек салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың бойында еңбекқорлық, төзімділік, әділдік сияқты жоғары қасиеттерді де қалыптастырамыз. Бұл мақсатта аудандағы қала, кент, барлық ауылдық округтерде спорттық үйірмелер ашып, тиісті жұмыстар жүргізетін боламыз» дейді аудандық спорт клубының директоры Талас Битуреев.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша жарыстың ІІІ орыны «Жетісай спорт клубы» командасына бұйырса, шардаралы аймақтың «Шардара» командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орын өзгелерден ептілігімен ерекшеленген Қазыбек би ауылдық округінің «Н.Оңдасынов» командасының қанжығасына байланды.

Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған командалар мен әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылардың дипломдары мен кубоктарына, медальдары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.

 «ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.