Бүгін ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Біртілек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу еркін форматта, ашық аспан астында ұйымдастырылды. Басқосуда Ақментай Үсенұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1-қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында айтылған реформалардың нақты 5 бағдарын айшықтап берді. Басты стратегиялық құжатты іске асыруға барлық мемлекеттік органдар жұмылатынын мәлімдеп, мемлекет саясатын іске асыру жолында бір кісідей атсалысу керектігін атап өтті.
«Біз жергілікті әкімдіктердің жанынан құралған қоғамдастық кеңестің мүшелелері ұсынған жұмыстарды іске асыруға күш жұмылдырып жатырмыз. Атап айтқанда, сұранысқа сай мектеп, дәрігерлік амбулатория, жол құрылысы сынды жұмыстар осы өздеріңіздің араларыңыздан таңдалған ауыл билері, төбе билерінің ортақ шешіміне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биылғы жұмыстар тікелей осы азаматтардың ұсынысы негізінде іске асты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді А.Есбаев.
Аудан басшысының сөзінше, Біртілек ауылдық округінде 300 орындық екі мектеп және мәдениет сарайы салынбақ. Оның бірі мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асады. Ал екіншісін жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жүргізбек. Сонымен қатар, ауылдық округтің орталығынан 200 орындық мәдениет сарайының құрылысы жоспарға енгізіліп, тиісті қаражаты бөлінген.
Айта кетейік, тұрғындар сұранысы негізінде биыл Біртілек ауылдық округінде ұзындығы 9,6 шақырымдық 5 көшеге асфальт жабындысы төселді. Ал ұзындығы 6 шақырымдық 3 көшеге шағал тас төселуде. Одан бөлек, Амангелді елдімекенінде ұзындығы 1,3 шақырымдық жол жиегіне аяқжол салынады. Ал Керегетас елдімекенінде жоспарға сәйкес ұзындығы 1,1 шақырымға аяқжол төселіп, түнгі жарық шамдар орнатылады. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі