Түркістан қаласында зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Loading

«Халықаралық қарттар күніне» орай тұсауы кесілген нысанның ресми ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтар қатысып, мұнда жиналған шаһардың ардагерлерін мерекелерімен кұттықтады. Құттықтау сөз барысында ардагерлерге мемлекет тарапынан жыл сайын қажетті көмектер көрсетіліп, денсаулықтарын жақсартуға кешенді шаралар атқарылатынын жеткізді.

Белсенді ұзақ өмір орталығы Түркістан қаласының О. Мұсабеков көшесіндегі 2 «а» мекенжайында орналасқан. Орталық жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бойынша айына 150-200 адамға дейін қызмет корсетеді. Зейнеткерлер дәрігерлік тексеруден өтіп, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терапиясы, емдік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қатар зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында бильярд, теннис, шахмат, шашка, массаж, тренажерлік қызмет түрлері де көрсетіледі. Орталық жартылай стационарда 8 сағаттық жұмыс істейді.

Орталықтың жұмысына тереңірек тоқталған Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Айжан Сүйіндікқызының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің ғимараты концепцияға сәйкестендіру үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Дегенмен тиісті іс-шаралар меморандум негізінде Түркістан қаласының аталған мақсатта жабдықталған ұйымдарында ұйымдастырылып, өткізілуде екен. Атап айтқанда, орталықтың «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі зейнет жасындағы азаматтарға көрсетілетін қызмет түрлерін халықты хабардар ету үшін жарнамалық бейнеролик жасалып, әлеуметтік желілерде жариялануда. Ақсақалдар кеңесі мүшелерімен «Қош келдің, Наурыз» іс-шарасы барысында және арнайы презентациялық шаралар ұйымдастырылып, көрсетілетін қызметтер мен бірлесіп атқаратын жұмыстар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті.

Орталықтың қызметін алуға өтініш білдірген азаматтардан 2 топ (40 адам) құрылып, өзге ғимараттарды жалға алып, бильярд, шахмат ойындары өтуде екен. Демеушілер қолдауымен 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай  спорт түрі — бильярд, шахматтан зейнеткерлер арасында «Шапағат» спорттық және сауықтыру шаралары өткізіліпті.

Мәдени демалысты ұйымдастыру бағытында тарихи-мәдени орталығындағы «Ұлы дала елі» орталығындағы мұражайы, «Vizit centre» туристік орталығы және «Бірінші Президент» саябағына экскурсия ұйымдастырылған.

 Алдағы уақытта «Egov» электронды үкімет порталын пайдалану бойынша компьютерлік сауаттылық курстары мен қазақша гимнастика «Айкуне» және еңбек терапиясы курстарын өткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Айжан Сүйіндікқызы өз кезегінде «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі туралы кеңірек тоқталды. Осы тұста ескерер жайт, бұл орталық — Түркістан облысы бойынша қариялардың өмір жасын ұзарту мақсатында жұмыс істейтін 10-шы нысан. «Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға жүрекжарды лебізін білдірді. «Бүгінгі бейбіт күніміз — Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын», — деді шаһар басшысы. Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 ақпандағы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған болатын. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мақсаты — зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау. Өзіне-өзі қызмет ету және белсенді қимыл-қозғалыс қабілетін сақтаған қарт адамдарға медициналық, психологиялық, тұрмыстық, құқықтық қызметтерін және бос уақытты пайдалы өткізудің кешенін ұсыну, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту көзделген. Түркістан қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын» ашу мақсатында қала әкімдігінің мемлекеттік меншігіндегі ғимараты белгіленіп (Түркістан қаласы, Мұсабеков  көшесі, №2 а), жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың жалпы алаңы 728 шаршы метрді құрайды. 2022 жылға Түркістан қаласының бюджетінен орталықты ұстау және қызметтерді көрсетуге 166,3 миллион теңге бөлінді (жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық базасы, жалақы қоры), 19 штаттық бірлік құрылды. Бүгінгі таңға Түркістан қаласында 14 915 зейнеткер тұрады. Орталықта күнделікті 70 зейнеткер тиісті қызметтерін, бір айда 150-200 адам қызметтермен қамтылады. Бір жылда 2500 ардагерді қызметтермен қамтуға мүмкіндік береді немесе оның үлесі қалада тұратын зейнеткерлер санының 16 пайызын құрайды» — дейді «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары.

Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 2021 жылғы ақпанда бекіткен болатын. Ол егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін іс-шараларды көздейді. Осы жоспарды іске асыру үшін үлкен жастағы адамдардың жағдайын жақсарту мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды. Қазақстанда 65 жастан асқан шамамен 1,5 миллион адам немесе бүкіл халықтың 7,8%  тұрады. Бұл көрсеткіш соңғы 6 жылда 1% өсті (2015 жылы 6,8%).

Мұндай орталықтардың ашылуы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі әзірлеген «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспарында көзделген. Қазіргі уақытта құжат жобасы орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер деңгейінде, сондай-ақ онлайн режімде «Ашық НҚА» порталында тал­қы­ла­нуда, онда әрбір тілек білдіруші өз ұсыныстарын бере алады.

Белсенді ұзақ өмір орталығы – ересек адамдар ағылшын тілін үй­реніп, компьютерлік сауат­ты­лық курстарынан өтіп, емдік дене шынықтырумен, бимен және т.б. айналыса алатын бос уақы­тын өткізу мекемесі. Нәтижесінде, егде жастағы қазақстандықтар қоғам­ға белсенді түрде араласып, олар­дың психоэмоционалдық жағдайы жақсаруда.

Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы іске қосылған Қазақстандағы алғашқы өңір бол­ды. Ол 2018 жылы маусым айында ашылды. Орталық 75 адамға есептелген, бірақ сұ­ранысқа байланысты күн сайын оған 350-ге жуық адам қатысты. 2019 жылдың со­ңына қарай қаланың барлық ауданда­рында дәл сондай 7 мекеме іске қосылды. Бағдарлама Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген қартаю проблемалары жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспарының тұжырым­да­масын ескере отырып әзір­лен­ді. Қартаю мәселелері жөнін­дегі са­рапшылар бүкіл ел бойынша бел­сенді ұзақ өмір орта­лық­та­ры­­ның көп болуын барынша қа­жет­­ті және уақтылы шара деп атай­ды.

«Біздің ұйымымыздың бас­ты міндеттерінің бірі – аға буын­ның саламатты өмір салтын қол­дау болып табылады. Барлық өңір­лерде Белсенді ұзақ өмір орта­лық­тарының ашылғанына өте қуаныштымын. Өйткені БҰҰ есептеулері бойынша 50 жылдан кейін планетаның әрбір алтыншы тұрғыны егде жастағы адам болады. Сондықтан қазірден бас­тап қарт адамдарға сапалы, әр түрлі және белсенді өмір сүруді қам­тамасыз ету бойынша жұ­мыс­ты бастау аса маңызды», — деді Айжан Сүйіндікқызы.

Айта кету керек, соңғы 5 жылда 65 жастан асқан адамдардың үлесі 2 есеге артты. Нәтижесінде, ха­лықаралық стандарттарға сәй­кес, Қазақстан 2017 жылы халқы есей­ген елдер тобына кірді.

2021 жылы Қазақстанның түрлі өңірлерінде жұмыс істейтін 30 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қарт азаматтарға 40 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетіліпті. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «Бір терезе» қағидаты бойынша үш бағыт бойынша жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған: өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруге пассивті өмір сүру менталдылығын өзгерту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру (йога, скандинавиялық жүріс, IT-сауаттылығын арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.).

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 2021 жылы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары бойынша жобаларды іске асыруға 738 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды, 30 орталыққа 385 қызметкер жұмылдырылды, 40 мыңнан астам түрлі қызмет көрсетілді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта республика бойынша еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүрудің 50-ден астам орталығы жұмыс істейді. Олар коммуналдық мемлекеттік мекемелер ретінде де, үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру есебінен де ашылып жатыр.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, бүгінгі күні орталықта қызметкерлердің жалпы саны 490 адамнан асады, 2022 жылы жергілікті бюджеттерден Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жобаларын іске асыруға 1,6 миллиард теңге бөлінді.

Бұл ретте мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдап отырғандығын да атап өткен жөн. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып индекстеледі. Мұндай ақпаратты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратты. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5%-ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4% индекстелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда зейнетақылардың 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шараларды атап өтті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – ынан 70%-на дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 120%-на дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.

Бұдан басқа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарлануда. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

Республикада 51 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2022 жылы 2,4 миллиард теңгеден асты.

Жалпы, ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 4,7 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 4,2 миллиард теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 миллиард теңге), оның ішінде:

— біржолғы материалдық көмекке – 1 635,3 миллион теңге (шамамен

188,4 мың адам);

— азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 410,8 миллион теңге (45,4 мың адам);

— жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,2 миллион теңге (5,0 мың адам);

— тіс протездеуге – 194,2 миллион теңге (3,7 мың адам);

— санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға – 888,2 миллион теңге

(8,3 мың адам);

— тұрғын үйді жөндеуге – 6,4 миллион теңге (307 адам);

— отынмен қамтамасыз етуге – 67,5 миллион теңге (2,3 мың адам);

– жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 1 миллиард 177,2 миллион теңге (130,6 мың адам);

– көмектің басқа түрлеріне – 329,3 миллион теңге (31,3 мың адам).

Атап өтерлігі, Мүмкіндігі шектеулі және зейнет  жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін көрсететін орталық Түркістан қаласы әкімдігінің №2224 қаулысымен 2021 жылдың 13 желтоқсанында құрылған екен. Оның құрамында бүгінгі таңда үш бөлімше қызмет атқарып жатыр. Нақтырақ айтсақ, әдепкісі – «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу көмек» бөлімшесі. Мұнда өмірлік қиын жағдайларға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіліп жатқан азаматтарға  әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Кейінгісі – «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі. Онда жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге және зейнет жасындағы азаматтарға қоғаммен белсенді араласу және денсаулықтарын арттыруға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ал үшіншісі – «TEN QOGAM» бөлімшесі. Бөлімше жеке тәсілді енгізу және қызмет бенефициарлармен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған мүгедектігі бар адамдардың лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға және экономикалық тәуелсіздік құқығын асыруға кешенді қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік қызметтер орталығында жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға:

  1. Дәрігерлік кеңес;
  2. Психологиялық кеңес;
  3. Еңбек терапиясы;
  4. «Egov» электронды үкімет порталын пайдалану бойынша компьютерлік сауаттылық курстары;
  5. Емдік және дене шынықтыру (ЛФК);
  6. Спорттық және сауықтыру шаралары (бильярд, шахматы, тенис т.б);
  7. Музыкатерапия;
  8. Бизнес-тренинг;
  9. Мәдени демалыс шаралары;
  10. Еңбек әлеуетін дамыту тақырыбында тематикалық курстар ұйымдастырылатынын аңғардық.

Мекеме Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығының 2-қосымшасымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» стандартына сәйкес 8 түрлі арнаулы әлемметтік қызмет көрсетеді.

  1. Әлеуметтік-медициналық қызмет

— Дәрігерлік кеңес;                          

— Физиотерапия;

— Адамның өз психикасын және дененің физиологиялық процестерін бақылау жаттығулары; 

— Массаж;

— Фитобар;                                                                                                                        

— Емдік және дене шынықтыру (ЛФК);

— Би үйірмесі;                                                                                                            

— Йога;

— Айкуне гимнастикасы (адам омыртқасына Шығыс медицинасы бойынша емдік денешынықтыру);

 — Скандинавиялық серуендеу (жүрек-тамыр жүйесін нығайтудың, бұлшықеттердің тонусының және күш пен қуат алудың тамаша тәсілі).

— Ерекшелігі, 1 сеансы 10 классикалық массажға тең  жаңа инновациялық биоэнергетикалық массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады. Биоэнергетикалық массаж аппарат (БЭМ) бір мезетте ауру нүктесін анықтап, иглотерапия, физиоемдеу, лимфодренаж классикалық, гуаша, «баночный» және «акапунктурный» массаждарды жасайды.

БЭМ аппараты тірек-қимыл аппараттары, бел-омыртқа аурулары, грыжа, инсульт әсерлері мен остеохандроз, плексид және жүйке жүйесін емдеуде өте жақсы нәтижелер беруде.

  1. Әлеуметтік-психологиялық қызмет

— Психолог маман кеңесі.

— Жеке тұлғаның ең алдымен өзін, қоршаған қоғамды, дүниені дұрыс сезініп, бағалай білуін, сол арқылы туындаған мәселелерді оңай шешу жолдарын қарастыратын психосессия және осыған ұқсас тренингтер.

  1. Әлеуметтік-экономикалық қызмет

— Мәселені шешуге дұрыс көзқарас орнату және дұрыс мінез-құлықтарды қайталау арқылы қажетті дағдаларды қалыптастыру бойынша бизнес-тренинг;

— Тақырыптық курстар;

— Тиісті жәрдемақы, өтемақы, алимент және басқа төлемдерді алуға көмек беру, сүйемелдеу.

  1. Әлеуметтік-ағартушылық қызмет

— «Egov» электронды үкімет порталын пайдалану және компьютерлік сауаттылық курстары;

— Араб тілі;

— Брайльмен жазуды үйрену;

— Менталдық арифметика.

  1. Әлеуметтік еңбек қызметі

— Еңбек терапиясы;

— Мүгедектерге кәсіптік бағдар беру

  1. Әлеуметтік-мәдени демалыс қызметі

— Мерекелік іс-шаралар;

— Музыка терапиясы;

— Саяхаттау (Тарихи-мәдени орындарға экскурсия);                                                                

— Спорттық-сауықтыру шаралары (бильярд, шахматы, теннис, т.б).

  1. Әлеуметтік-құқықтық қызмет

— ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру мен көмекке байланысты мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беріледі.

  1. Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет

— Еңбек дағдылыарын қалыптастыру және қоғамдық жұмыстарға тарту.

«Аталған қызметтер орталықтың тұтынушыларына тегін ұсынылады. Арнайы әлеуметтік қызметтерді топ қалыптастырып әр топтың қатысу мерзімі санаттарына қарай 2-6 ай көлемінде көрсетілетін болады. www.Instagram.com және www.facebook.com әлеуметтік желілерде aleumettik_kyzmet Түркістан  қалалық «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ парақшасынан атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға болады» — дейді Айжан Сүйіндікқызы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You