
Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Сауран аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастырумен мұғалімдер күні кеңінен аталып өтті. Аталмыш шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков қатысып, барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ ұстаздарға алғыс хат тапсырды. Бұл туралы Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Ф.Рысбекова сөз сөйлеп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Сауран жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ж.Айнабекованы арнайы құттықтады. Сонымен қатар, бір топ мұғалімдерді кәсіподаққа еңбегі сіңген төсбелгі мен аудандық әлеуетті дамыту бөлімінің алғыс хатымен марапаттады.
«Бір жылға жоспар құрсаң — егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң ағаш ек, ал мәңгілік мұратты көздесең — ұрпақ тәрбиеле» дегендей, бала — жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндет. Өйткені, бүгінгі жас буын — ел болашағының ертеңгі кілті. XXІ ғасыр — тың идеялар мен жасампаз жаңалықтың дәуірі. Оған лайық болу — қазіргі жаһандану процесіндегі кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы. Ендеше, тәуелсіз елімізде өркениетке жетелер жолдың бастауы — оның жүрегі де, тірегі де педагогтар қауымы деп білеміз.
Ұстаздар ұлықталған шара барысында мектеп оқушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына жалғасты.
Осы тұста атап өтер жайт, елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайды. Жыл сайын олардың жалақысын көтеру және жұмыстарын жеңілдету мәселелері қаралады.
1994 жылдан бері дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді.
Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған.
Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді.
Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді.
Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.
Қазақстандық ұстаздар бұл мерекені міндетті түрде педагогикалық ұжыммен бірге атап өтеді. Сондай-ақ, бұл күні үздік ұстаздар марапатталады.
Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайды. Осы бағытта жыл сайын олардың жалақысын көтеру және жұмыстарын жеңілдету мәселелері қаралады. Мысалы, 2017 жылдан бері мұғалімдерді бөгде жұмыстарға тартып, үй аралатуға тыйым салынды. Министрлікте жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату талқылануда. Осы орайда мектептер арасында ҰБТ бойынша рейтинг алынып тасталды. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30% көбейді. 2018 жылы педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ке дейін қосымша үстемақыны қарастырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
