Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастардың бойына адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін сіңіру мақсатында «Қарттарды құрметтейік» атты қайрымдылық акциясы өтті. Бұл жөнінде Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі хабарлады.
Акцияға Сауран ауданы, Жібек жолы ауылдық округінің ерікті жастарының қатысуымен ауданымыздағы қарт кісіге қолғабыс жасалып, көмек көрсетілді. Қайрымдылық акцияның мақсаты — өскелең ұрпақтың бойына қамқорлық, үлкенге деген сыйластық сынды ізгі амалдарды сіңіре білу.
Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Ендеше, қазынамыз болған қарттарымызды бағалай білейік!
Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.
«Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де ұлғайды. Қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер әлі де жалғаса бермек», — дейді жауаптылар.
Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.
Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Мемлекет аға буын адамдарын әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.
Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2% – ға оза отырып индекстеледі.
Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5% – ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4% индекстелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда зейнетақылардың 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті, — делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шараларды атап өтті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – ынан 70% — ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Ведомствоның мәліметінше, бұдан басқа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарлануда. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.
Республикада 51 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2022 жылы 2,4 млрд теңгеден асты.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ат-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғам өміріне қатысуға бағытталған.
Жалпы, ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 4,7 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 4,2 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге), оның ішінде:
– біржолғы материалдық көмекке-1 635,3 млн теңге (шамамен 188,4 мың адам);
– азық-түлік жиынтығын ұсынуға — 410,8 млн теңге (45,4 мың адам);
– жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,2 млн теңге (5,0 мың адам);
– тіс протездеуге – 194,2 млн теңге (3,7 мың адам);
– санаторлық-курорттық емдеуді ұсынуға — 888,2 млн теңге (8,3 мың адам);
– тұрғын үйді жөндеуге – 6,4 млн теңге (307 адам);
– отынмен қамтамасыз етуге — 67,5 млн теңге (2,3 мың адам);
– жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға-1 млрд 177,2 млн теңге (130,6 мың адам);
– көмектің басқа түрлеріне-329,3 млн теңге (31,3 мың адам).
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.