Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 1 жылдың ішінде едәуір қысқарған

Абай ауданының халқымен кездесіп, есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. Оның айтуынша, қалада атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 1 жылдың ішінде 51 мың адамнан 16 мың адамға дейін қысқарған.

Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, Шымкент қаласында 2022 жылы 65 799 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Соның ішінде 7 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындарына жолданса, 18 азамат кәсіптік қайта даярлау курстарында оқып шықты. Сондай-ақ, 40 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Осының нәтижесінде 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 51 мыңнан асса, 1 жылдың ішінде 16 мың адамға дейін қысқарған, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шаһар басшысының айтуынша, халықты жұмыспен қамтуға әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен 5 өндірістік аймақта орналасқан. Бірақ, бұл аймақтардың 90 пайызы зауыт-фабрикаларға толып тұр.

Қалаға инвесторлардың көптеп келуін, сол арқылы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, 2 аймақты кеңейтуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл аймақтарда 2024 жылы алғашқы кәсіпорындар ашылады. Оған қоса биыл «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін «Стандарт» индустриалды аймағы өз жұмысын бастайды. Алдағы уақытта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық орталығының аумағын кеңейтуді көздеп отырмыз, – деді М.Әйтенов

Қала әкімінің халықпен кездесуінде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. Кездесудің соңында Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сауалдарына жан-жақты әрі толық жауап берді.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.