Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Қала әкімі тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету, инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті.
Әл-Фараби орталық аудан болғандықтан инженерлік-инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Шымкент қаласы тұрғындарға барлық жағынан қолайлы болуы тиіс. «Қауіпсіз қала» дегенді айтып жүрміз. Ендігі ретте ауданда учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру қажет. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Мәселелер басымдығына қарай, кезең-кезеңімен шешіледі. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев аудандағы барлық салада жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Аудан құрамына 10 шағынаудан қосылғандықтан, көпқабатты тұрғын үй саны бүгінде 926-ға жеткен. Қала әкімінің 2020-2023 жылдарға бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес 262 аула көріктендіріліп, 40 спорт алаңшасы салынды. Биылғы жоспарға сәйкес 39 аула мен 2 спорт алаңшасы абаттандырылады. Алдағы жылы 41 балалар ойын алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Аудан бойынша көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру 2025 жылы толық аяқталады,- деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша шаһарда 18 мектеп, оның ішінде Әл-Фараби ауданында 3 мектеп салынады. 2023 жылы ауданда Қошқар ата аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал «Халық қатысатын бюджет» аясында 39 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр.
Бүгінде 230 мыңнан аса халқы бар аудан ауыз су және электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Қазір Сәуле шағын ауданындағы №276 орамда газ құбырлары жүргізілуде. Биыл газдандыру құрылысы толық аяқталып, ауданда табиғи газ мәселесі түбегейлі шешіледі. Аудан аумағында су басу қаупі бар 42 орын анықталған. Қазір 5 көшені ирригациялық жүйлеремен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қалған қауіпті аумақтар бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.
М. Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан түскен барлық сұрақтардың назарға алынатынын жеткізіп, аудан әкіміне, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Халық пікірін ескере отырып, шұғыл шаралар қабылдауды ескертті.