Шымкент қаласының Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 1-13 мамыр аралығына жоспарланған Junior Davis Cup және Juniors Billie Jean King Cup Азия/Океания аймағының іріктеу сайысына 16 жасқа дейінгі аталған аймақтың ең мықты жасөспірімдері бақ сынайды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов іс-шарада көпшілікті бүгінгі мерекемен құттықтап, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Шымкент қаласына қош келдіңіздер. Әлем чемпионатына іріктеу сайысының қаламызда ұйымдастырылуы үлкен мәртебе, айтулы оқиға. Осы ретте халықаралық теннис федерациясына, ҚР Теннис федерациясына және демеушілерге алғысымды білдіремін. Турнирде шын мықтылар жеңсін!, — деді қала әкімі.
ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев сайыстың маңызы зор екенін атап өтіп, барша ұйымдастырушыларға рақметін жеткізді.
Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Жасөспірім қыздар және ұлдар арасындағы іріктеу сайысына Қазақстан, Аустралия, Қытай Тайбэй, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Малайзия, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Таиланд, Өзбекстан, Вьетнам командалары қатысады.
Айтулы додада ел намысын Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облысы және Астана, Алматы қалаларының жасөспірімдері қорғайды.
Айта кетейік, салауатты өмір салтын насихаттау аясында 2021 жылы республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді. Бұл іс-шаралар 1,5 млн адам қамтыды, оның 900 мыңы – ауылдық жерлерде.
2022 жылдың алты айында — 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 32 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 148 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 232 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.
Қала спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 416 алтын, 372 күміс, 398 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында қала спортшылары 39 алтын, 18 күміс және 24 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 28 алтын, 15 күміс және 8 қола медальға ие болды. Дүниежүзілік гимназия ойындарында 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Европа чемпионаттарында 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңді.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг. салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг.салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Нәтижесінде Рсалы Сабыржан 2 орын, Пернеш Шадияр 5 орынды жеңіп алды.