![]()
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Ердембеков Мақсат Кабделович БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында қаламыздың инфрақұрылым жүйелерімен қаншалықты қамтамасыз етілгендігі жайында мәлімет берді. Атап айтқанда, қазіргі таңда 81 елді-мекеннің 78-і (1084,9 мың адам) ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді-мекендеріне ауыз су кестемен берілуде. Қазіргі таңда Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші жаңа құрылыс аудандарында ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2023 жылдың қорытындысымен 6 нысан пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 72 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Шымкент қаласы бойынша көрсеткіші 98,5% — дан 100% — ға дейін өседі. Ал табиғи газбен қамту бойынша 2023 жылы қалған 6 нысан Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле ш.а, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га. ш/а құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарда. Сондай-ақ, кәріз жүйесі бойынша жыл қорытындысымен 6 нысанның Мирас-Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60 % — дан 65 % — ға өседі. Айта кетейік, биыл қала аумағындағы барлық елдімекенге сапалы электр энергиясы жеткізіледі. Атап айтатын болсақ, жыл соңына дейін 8 шағынауданда құрылыс жұмыстары аяқталып, қаланы үздіксіз электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Нәтижесінде абоненттер жарыққа екі есе арзан төлем жасайды. Тұрғын үйлерді электр желісіне қосу жұмыстары тегін жүргізіледі. Мемлекеттен тартылған электр энергиясының тариф бағасы жеке тұлғаларға әр Кв үшін – 17 теңге, заңды тұлғаларға — 35 теңге, бюджеттік ұйымдарға — 39 теңге болып белгіленген. Қазіргі таңда Нұрсат, Қайнарбұлақ, Түркістан, Тұран, Ақжар, Ынтымақ (ПС 110 кв) Бозарық, Асар елдімекендерінде электр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, наурыз айында Бозарық, Асар шағынаудандарында 600 тұрғын үйге жарық берілді.
