Шымкентте мүгедектігі бар және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға жұмыс орындарына квота белгілеу тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 50 ұйымға 227 жұмыс орны бекітіліп, қазіргі таңда, 25 мекемеге 54 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты.
Қала әкімінің тапсырмасымен 2022 жылы – ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 19 мекемеге 53 жұмыс орны бекітілген. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 20 мекемеге 56 жұмыс орны бекітілген. Бүгінгі таңда, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған – 2 азамат, пробация қызметінің есебінде тұрған – 13 азамат жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на 7- азамат, «Алтын Дән» ЖШС-не 3-азамат, «KAZPLAST» ЖШС-не 2-азамат және 1 азамат «Транстелеком» АҚ Шымкент қаласындағы «Шымкенттранстелеком» филиалына жұмысқа орналасты.
Аталмыш шаралардың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, және пробация қызметі есебіндегі азаматтардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау мекемесі бірлесіп тұрақты түрде мүгедектігі бар азаматтар арасында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп отырады.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар мен Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру» тақырыбы аясында жиналыс өткізді.
Кездесу Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма бастығы Ғалымжан Жаңабаевтың төрағалығымен және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбековтың қатысуымен өтті. Сонымен қоса жиынға Әл-Фараби, Абай, Еңбекші және Тұран аудандарының прокуратура өкілдері және Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары қатысты.
Жиынға «Транстелеком» АҚ, «Жасыл Жер» ЖШС, «Азимут Энерджи Сервисиз», «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС, «Лидер Инвест Строй» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ және басқа да жұмыс беруші мекемелер қатысты. Тараптар сотты болған азаматтардың жұмыспен қамтылу, жұмыс берушілердің бөлінген квотаны орындау жағдайын және осы сұрақтар аясындағы проблемалық сұрақтарды талқылады. Бас қосуға «Халықты жұмыспен қамту» орталығының 4 аудандық бөлімшесінің жауапты мамандары толық құраммен қатысқан болатын.