
Шымкент қаласында соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған. Бұл туралы Астана қаласындағы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
–Үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз. 134 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен, 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылды. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі,– деді М.Әйтенов.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-еуі биыл пайдалануға берілетіндігін, үш Cауықтыру лагері және 750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда екендігін атап өтті. Тілге тиек етейік, қала әкімдігі мектепке дейінгі мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс көлемін 24 200 орынға дейін арттыру, 26 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын 100% жаңартуды жоспарлап отыр. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту саласының 7000-нан астам педагогі біліктілігін арттыру курстарынан, ал 1500-ден астам педагог қайта даярлаудан өтеді. Кейінгі үш жылда 81 мектептің ашылуы үш ауысымды және орын тығыздығы бар мектептер санын азайтты. Жол картасы аясында тағы да 80 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр, оның ішінде 38 мыңға жуық оқушыны қамтитын 25 мектеп «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынады. Сонымен қатар 30 орта білім беру мекемесіне кешенді жаңарту жүргізіледі.