2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1%-ға азайту және 2021 жылы 6%-ға дейін төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды міндеттеген болатын. Яғни жастарды жұмыспен қамтып, білім беру жобаларына тартуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырған еді.
Осыған орай, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен Шымкентте алғаш рет “Базар жастар лигасы” бастау алды.
Бүгінде Жастар ресурстық орталығының бастамасымен базар жастарын қолдау мақсатында “Базар жастар ұйымы” құрылған болатын. Қазіргі таңда 9 базарда жастарды қолдау ұйымдары жастармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде.
8 тамызда бастау алған турнирдің бірінші кезеңі аяқталып, ұлдар арасындағы кіші футбол мәресіне жетті. Мұндай жарыстар, жастарға салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Футбол ойынына қатысушылар арнайы тағайындалған бас төрешінің бақылауымен жеребе тарту арқылы командаларға бөлініп, жарысқа түсті.
Бас төрешінің бекіткен топтық ойын кестесіне сәйкес 16 команда кезең-кезеңімен ойнап, 1/4 кезеңіне 8 команда (Север сауда орталығы, Технодом, Айна, Барыс, Авто-НҰР, Көне қала, Акбар және Жібек жолы базары ) жолдама алды.
Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы арнайы қатысып, барша жастарды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен және турнирде жеңіске жеткен командаларды құттықтады.
Ұлдар арасында өткен кіші футбол ойынының жүлделі I-орын, II-орын және III-орын иегерлерін және «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғушы» және «Үздік қақпашы» номинация иегерлеріне «Базар жастар лигасы» кубогы табысталды.
Сонымен қатар, жеңімпаз командаларға дипломдар мен арнайы сертификаттар берілді.
Турнир нәтижесінде:
- I — орын – «Акбар» базар командасы(10-планшет)
- II — орын – «Көне қала» базаоы командасы(10-смартфон)
- III — орын – «Барыс» базар командасы (10-велосипед)
Турнирдің екінші кезеңі 14 тамыз күні қыздар арасында волейболдан өтетін болады.