Түркістандық жас қолөнершілер биіктен көрінді

Білім алушылардың көркем-шығармашылық қабілеттерін дамыту, тәрбие беру және тұлғаны әрі қарай үйлесімді дамыту бойынша жүйелі және мақсатты қызмет көрсету, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарға араластыру, балаларды қосымша біліммен қамту мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының республикалық көрме-байқауының облыстық кезеңі түркістандық оқушылар үшін биыл да сәтті болды. Таратып айтсақ…

Жеті бағыт бойынша ұйымдастырылып жатқан байқаудың қалалық кезеңі бөлімге қарасты Ш.Ниязов атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылып, қатысқан жүзден астам оқушы өздері жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынып, лайықты бағаларын алған болатын. Нәтижесінде еңбектері үздік деп бағаланған 7 оқушының жұмыстары облыстық кезеңге ұсынылды.

Қаладағы «Керуен Сарай» көпсалалы кешенінде өткен облыстық кезеңде де оқушылар жоғары бағаларын алды. Атап айтсақ, «Қағаздан бұйымдар жасау» сайысында №28 мектеп-лицейінің оқушысы Әдемі Барысхан (жетекшісі — Ботакөз Файзиева) мен «Зергерлік бұйымдар жасауда» Мұстафа Шоқай атындағы №24 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Бердалы Орынбасар (жетекшісі — Әлімбек Тілеулиев) І орынмен қатар республикалық кезеңге қатысу үшін жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Тасболат Думан (жетекшісі — Асқар Есет) «Ғимараттардың макетін жасау» бойынша ІІ орынға, Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мавлуда Усманова (жетекшісі — Шахноза Усманова) «Ұлттық киімдер» бойынша ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның оқушысы Ерасыл Рысбек (жетекшісі — Дәулет Қарамырзаев) «Ағашты көркемдеп өңдеу» бағытында «Үздік бұйым» номинациясын жеңіп алса, осы мектеп-гимназияның тағы бір оқушысы МадинаАбдуллаеваның (жетекшісі — Назира Дәуренбекова) «Жүннен бұйым жасау» бағытындағы, М.Мәметова атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Әбіш Асхаттың (жетекшісі — Берік Толысбаев) «Мүсіндер» бағытындағы жұмыстары да өзіндік бағаларын алды.

Алдағы уақытта қос оқушы үлкен дайындықпен онлайн форматта өтетін республикалық кезеңге қатысатын болады. Сәттілік серіктерің болсын, жас қолөнершілер!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin