Волейболдан түркістандық команда ел чемпионы атанды

Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде волейболдан жоғарғы лигадағы ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының ХХХІІ чемпионаты аяқталды.

Елішілік додада республикадан 5 команда қатысып, тартысты ойындар өткізді. Басты мақсат — чемпионаттың алтын тәжін кию. Осы орайда жүлделі орындардан көріну үшін барлық құрама шаршы алаңда бар өнерлерін ортаға салды. Апта бойы жалғасқан чемпионаттың нәтижесінде Түркістан облысының «Тұран» командасы өз мықтылықтарын тағы да дәлелдеп, қатарынан 2-ші рет чемпион атанды. Ал Қызылорданың «Қайсар» волейболшылары күміс жүлдеге қол жеткізсе, мағыстаулықтар қола медальді қанағат етті. Ойын соңында чемпионаттың үздік ойыншылары да марапаттан тыс қалмады. Бұл номинация бойынша «Тұран» командасының талантты ойыншысы Олег Верегин «Ең үздік ойыншы» атанды. (MVP)

Айта кетейік, Сабыржан Бульдуруков жетекшілік ететін Түркістан облысының «Тұран» спорт ойын түрлері клубы биылғы маусымда ғаламат нәтижеге қол жеткізді. Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында тұрандық арулар чемпион атанса, жоғарғы лига ерлер командалары арасында да жеңістің шыңын бағындырды. Одан бөлек, волейболдан 21 жасқа дейінгі қыздары жүлделі орыннан көрініп, өңір мерейін асқақтаты. Қоса кетейік, баскетбол, гандбол чемпионаттарында да тұрандық спортшылар үздіктер қатарында тұр.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы былтыр аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген.

Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Естеріңізде болса, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы 2023 жылдың қорытындысы бойынша аймақтардың рейтингін жариялаған-ды. Биыл ұлттық спортты жанына серік еткендер 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Жыл басынан бастап ұлттық спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті.

Бір жылдың қорытындысы бойынша 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды. Оңтүстік спортшылары биылғы жарыстарда жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қола жүлдемен көш бастады. Оның 13 алтынын түркістандықтар қазақ күресінен еншілеп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Аймақ өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған.

«Қазіргі таңда Түркістан облысында 7 облыстық, 23 аудандық және 7 қалалық спорт мекемелерінде ұлттық спорт түрлерінен бөлімшелер жұмыс істейді. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт мектептеріндегі регламенттің сақталуын қадағалап, жаттықтырушылар мен әдіскерлерге оқу-жаттығу сабақтарына әрдайым әдістемелік көмек көрсетеді. 2023 жылы ұлттық спорт түрлерінен жарыс ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, аударыспақтан бұрын 8 салмақ дәрежесінде жарыс өтсе, былтыр 9 салмақ дәрежесінде өтті,  сондай-ақ, теңге ілу және жамбы ату спортынан бұрын 3 стиль бойынша 1 ғана спортшы қатысатын, биылғы жылы 3 стильге 3 спортшы қатыса алатын мүмкіндік туды. Қатысушылар саны көбейді. Нәтижесінде спортшыларымыз тамаша өнер көрсетіп, еліміздегі ұлттық спорт түрлерінен ең үздік өңір екенін дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді», — деп пікір білдірді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin