Түркістан облысы: Өңір басшысы Арыс қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған заманауи, жайлы мектептердің салынуы арқылы өңірдегі үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілмек. Жоспар бойынша биыл өңірде 29 оқу ұясы қолдануға берілмекші, олардың 19-ы алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында ашылады.

Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлер мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Бұл ретте жұмыс сапасының ақсамауын ескертті. Облыс әкімі кемшіліктерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруды айтты.

Салынып жатқан заманауи білім ордасы 600 орынға лайықталған. Құрылысы өткен жылы басталған мектеп күзде пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл Наурыз тұрғын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, Отырар тұрғын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ И.Журба мектебіне 300 орындық қосымша корпус, Онтам шағынауданынан жеке кәсіпкер есебінен 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп пен 5 балабақша салынбақ. Осылайша Арыс қаласында мектеп тапшылығы мәселесі толық шешімін табады.

Арыс қаласындағы «Барыс» шағынауданында жеке инвестор есебінен тұрғын үй салынып жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына іссапары аясында құрылыс алаңына барып, үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән берілуін атап өтті. 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Айта кетейік, биыл Наурыз мейрамы қарсаңында кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын жеке тұлғалардан 20 тұрғын үй сатып алынып, Арыс қаласында үй кезегінде тұрған 20 отбасыға табысталды. Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін әртүрлі санат бойынша кезекте 2244 адам адам тұр.

Өңір басшысының осы іссапарынан тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісе кетейік. Түркістан облысында тағы бір «сақалды» құрылыс шешімін тапты. Арыс қаласындағы 6 шағын аудан халқы бүгін газбен қамтылды. 2020 жылдан бері тоқтап тұрған нысанның мәселесін шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен маңызды жобаның жұмысы қайта жанданды. Нысан құрылысын аяқтап, әрі қарай халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі «Жібек жолы — Келес газ» мекемесіне сенімгерлік басқаруға берілді. Мекеме міндеттеріне Арыс қаласының тұрғындарына үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз ету және техникалық қажеттілігіне байланысты жөндеу (реконструкция және т.б.) жұмыстарын жүргізу кіреді. Компания қазанның соңына дейін 45 мыңнан астам халықты 100 пайыз газбен қамтуды жоспарлап отыр.

Бүгін Арыс қаласындағы «Почтовый», «Сырдария», «ШПЗ», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына табиғи газ берілді. Яғни бір күнде 2000 мыңға жуық тұрғын үй немесе 10 мыңға жуық халық газбен қамтылды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды келді.

Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының мәселесі шешілді. Бір жарым жылдың ішінде саладағы сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Автоматтандырылған газ тарату стансасы проблемасы жақын уақытта толық шешілмек. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.

– Бүгін, расында, көптен күткен қуанышты күн. Бұл мәселенің маңыздылығын түсініп, аз уақыт ішінде құрылысы аяқталмай тұрған инфрақұрылым нысандарын жалғастыруды қолға алдық. Басталған іс біту керек. Облыс аумағындағы мұндай нысандар кезекпен шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ауылды дамытуға күш салылған. Бұл жұмыстар тоқтамайды, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл — еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 миллион 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. 71 нысанның құрылысы жүргізіледі.

Сонымен қатар сапар шеңберінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында мұнай өнімдерін өңдейтін зауыт жұмысымен танысты. «Қаратау Транс Сервис» зауыты мұнай өнімдерін өңдеумен айналысады.

Инвестиция көлемі 11 миллиард теңгені құраған. Зауыт басшылығы Арыста өндірілетін мұнай өнімдерімен ішкі нарықты қамтуды көздейді. Кәсіпкер өндіріс орнын кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өндірісте 45 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 125 мың тонна мұндай өнімдерін өңдейді. Оның ішінде, жылына 26 180 тонна жанармай, 28 000 тонна дизель отынын, 12 420 тонна керосин мен 54 250 тонна мазут өнімдерін шығарады. Зауыт кәсіпкердің жеке қаражат есебінен салынған.

Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласында орналасқан «Арыс» минералды су ЖШС-нің жұмысымен танысты. Табиғи минералды суға сұраныс жоғары. Мұнда тәулігіне 15 мың құты, жылына 18 миллион литр минералды су сатылымға шығарылады. 20-дан астам арыстық азамат жұмыспен қамтылған. Шипалы сусын 1870 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Табиғи минералды ауызсу Арыс қаласы мен Түркістан облысының өзге аудандарына және көрші облыстарға жөнелтілуде.

Облыс әкімі Арыс қаласында өндіріс саласы өркен жайып келе жатқанын атап өтті.

– Арыста соңғы жылдарда тартылған инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде, жергілікті халықты жұмыспен қамту басты назарда. Сондықтан, бұл жұмыстарды ширату керек, – деді өңір басшысы.

Мұнан өзге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс кестесіне сәйкес, Арыс қаласы тұрғындарымен де кездесті. Атқарылған жұмыстарды баяндап, өзекті мәселелерді қозғады. Мемлекет басшысының инвестиция тарту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологиясын енгізу жөнінде тапсырма бергеніне тоқталған облыс әкімі осы бағыттарда жұмыс жанданатынын айтты. Арыстың ажарын ашып, инфрақұрылымы мен әлеуетін көтеретін жұмыстарды баяндады.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Арыс қаласында 2023 жылы 5 елді мекенде 947 млн. теңгеге 11 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жиделі, Ақдала елді мекендерінде Мәдениет үйінің, Қожатоғай елді мекенінде спорт залдың құрылысы, Атамекен, Сырдария елді мекендерінде 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 5 елді мекенде 730 млн. теңгеге 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 770 миллион теңгеге 131 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 17 маманға 6 миллион теңге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 миллион теңге көлемінде бюджеттік несие берілді, – деген Дархан Сатыбалды Арыста өндірісті дамытып, зауыттар ашуға мүмкіндік мол екенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 23 пайызға өсіп, 2023 жылы 56 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 6 мыңға жетсе, олардың өндірген өнім көлемі 75 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 9 миллиард теңгеден асып, жоспар 1,3 миллиард теңгеге артығымен орындалды.

Кездесуде Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың есебі тыңдалды. Облыс әкімі қала әкімі мен басқарма басшыларына Арысқа тартылған инвестиция көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жандандыру, ауыз су, газ және өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берді.

Тұрғындар тарапынан өткір мәселелер қозғалып, сұрақтар қойылды. Сонымен бірге облыс әкімінің жеке қабылдауында да мәселелер легі тоқтаған жоқ. Тұрғындар әкіммен еркін пікір алмасып, өтініш пен ұсыныстарын жеткізе алды. Ол мәселелер Дархан Сатыбалдының қадағалауына алынды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin