Түркістан облысында биыл 32306 оқушы мектеп бітіреді

Осы жылы 32306 оқушы 11-сыныпты бітіреді деп күтіліп отыр. Оның 1727-сі — «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер, жалпы орта білім беру туралы «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны — 2466. Ал, 9-сыныпты 45416 оқушы бітіреді деп болжануда, оның ішінде негізгі білім туралы «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны — 4540. ҰБТ-ге 27 340 оқушы қатысады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы Маханбетов «2023-2024 оқу жылының аяқталуы мен оқушылардың жазғы демалысы» бойынша өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Брифингте биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерлерінде демалатыны, оған облыс бойынша 22 сауықтыру лагерлері қызмет көрсетіп, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтіндігі туралы аталып өтті.

Сондай-ақ, Жандос Маханбетұлы жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтерлар, 80 облыстық колледж студенті практикаға тартылып, 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалатыны, сонымен қоса, мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлып, оған 10 000 оқушы қамтылатыны және қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленетіндігі туралы жеткізді.

Бүгінгі күні лагерь жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауы жоспарланып отыр. Және де «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала демалады деп күтілуде. Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этно лагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланды.

Бұған қоса, 350 мектепте 1 мезгілгі тамақпен ұйымдастырылатын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарын жүргізеді. Түркістан облысы бойынша 1-5-ші сынып оқушыларының жалпы саны — 256 197. Облыс бойынша барлығы 1-10-шы сыныптарда 467 766 оқушы бар, оның ішінде 366 123 (78,1) оқушыны қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта барлығы 2 259 1 теңге қарастырылған.

Қала сыртындағы лагерьлердегі ауысымдар 1-5 маусым аралығында басталып, 5-10-шы сынып оқушылары қамтылады. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала бюджет есебінен барады. Маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.

Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи орындар – Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласының мұражайларына бару және туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырып, оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.

Тағы бір айта кетерлігі, 1-10-шы сынып оқушыларына «Білімім — Отаныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарын өткізу биылғы 24 мамырға жоспарланса, ал мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» іс-шарасы ағымдағы жылдың 25 мамырында өткізілетін болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 1052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. Анықтама үшін тарқата айтайық, 912 мемлекеттік мектепте – 482 722 оқушы, 140 жекеменшік мектепте 36 057 оқушы білім алады.

Жалпы, биыл Қазақстан бойынша мектептерде 186 мың түлек үшін соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады. Ал 2023-2024 оқу жылын 3,8 миллионнан астам қазақстандық оқушы аяқтайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева хабарлады.

24 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде 1-10-шы сынып оқушылары үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Мұнда сынып жетекшілері білім алушылармен бірге оқу жылын қорытындылайды.

186 мың 11-сыныпты бітіруші үшін соңғы қоңырау 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында өтеді.

Сондай-ақ емтихандарды өткізу уақыты белгілі болды. 5-8, 10-шы сынып оқушылары үшін емтихандар 27 мамырда басталады. 9-сынып оқушыларының емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін жалғасады. 11-сыныптар үшін қорытынды емтихандар 28 мамыр-11 маусым аралығына жоспарланған. Аттестаттарды салтанатты тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Бұл ретте айта кету керек, төтенше жағдай жарияланған өңірлерде оқушылар аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Олар: Ақтөбе облысында 9 мектеп, Атырау облысында 3 мектеп және Солтүстік Қазақстан облысында 5 мектеп.

156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, ал диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.

Тағы бір атап өтер жайт, алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан Біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту.

Білім беру ұйымдарында 2,4 миллион оқушының қатысуымен түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Жыл бойы оқушылар «Күй күмбірі», «Жасыл мекен», «Шахмат ойнау», «Асық ату» республикалық челленджеріне қатысты.

«Білім беруде балалар мен жасөспірімдер қозғалысы мен еріктілер ұйымдары үлкен маңызға ие. Биыл «Менің бауырым» еріктілер қозғалысына 3 мыңнан аса жас волонтер қосылды. Жас еріктілердің бастамасымен ұйымдастырылған «Досболlike» — достық қолыңды соз» акциясы балалардың қызығушылығын тудырды», — дейді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

Айта кету керек, елімізде «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатер» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 миллион оқушы тартылған.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ-мен және ЦДИАӨМ-нің ҰАТ АҚ-мен бірлесіп eGovMobile мобильді қосымшасында қолжетімді «Bilim» жаңа қызметін іске қосты.

Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова барлық қажетті деректерді топтастырып, оны азаматтар үшін аса қолайлы әрі қолжетімді еткен сервис туралы айтып берді.

«Bilim» — бірнеше бөлімдерден тұрады, онда білімі, оқуды аяқтауы туралы цифрлық құжаттары, қорғаншылық және қамқоршылық туралы ақпарат, баланың профилі және білім алушы туралы қосымша ақпарат қамтылған. Сондай-ақ педагогтер үшін «Педагог портфолиосы» қолжетімді. Мұнда мұғалімнің электрондық құжаты қалыптастырылады, онда еңбек өтілі, қызмет жолы, санаты, аттестаттаудан өтуі бойынша мәліметтер топтастырылған», — деп атап өтті вице-министр.

Сондай-ақ сервисте қолданушыларға білім беру ұйымдары мен қолданушы арасындағы шартқа ЭЦҚ арқылы қол қоюға мүмкіндік берілген. Бұл сервиске өту үшін eGov Mobile қосымшасында «Bilim» бөлімін таңдау қажет.

Айта кету керек, қазіргі уақытта бөлімдерді ҚР азаматтарының білімдеріне қатысты қажетті деректермен толтыру жұмыстары жалғасуда.

Елең еткізер тағы бір жаңалық. Балалардың құқықтары мен мүддесін қорғау механизмдерін жетілдіру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұл туралы толығырақ Орталық коммуникациялар қызметінде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан хабарлады.

Оның айтуынша, Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институтын енгізу жөніндегі жоба табысты жүзеге асуда.

«Балалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітілді. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің 12 өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықтар ата-аналар мен балалар көмекке жүгінетін, педагог-психологтер өзара кеңесетін орынға айналды. Министрлік қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің нормативті санын 5 мың балаға 1 маман қатынасында белгілеу мәселесін қарастыруда», — деп хабарлады Еділ Оспан.

Сонымен қатар Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Зорлық-зомбылыққа, жәбірлеуге ұшыраған немесе оған куә болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі бекітілді. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Білім беру объектілерінде терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық талаптары кеңейтілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin