Түркістан облысы: Білім саласындағы қауіпсіздік шаралары туралы семинар өтті

«Түркістан облысының білім саласындағы террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында облыстағы жалпы білім беру ұйымдарының қатысуымен семинар өтті.

2022 жылғы 26 қарашасындағы №2 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазіргі және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шара жоспарының 84-тармағына сәйкес, білім беру ұйымдарын (мектептер, колледждер, мектепке дейінгі ұйымдар) қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті жабдықтармен жарықтандыру жөнінде тапсырма берілген болатын.

Аталған іс-шараның басты мақсаты — білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру.

Семинар барысында Облыстық білім басқармасының Тәрбие, қосымша білім беру және кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімнің бас маманы Нурышова Дария Алтынбекқызы, Білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізсе, Түркістан облысы Полиция департаментінің Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Шамил Бек Талғатұлы, Білім беру ұйымдарының бейнебақылау камераларын арнайы IP VPN арналары арқылы, провайдерлермен әрекеттесе отырып Жедел басқару орталығына қосу туралы жан-жақты тоқталып өтті.

Семинарға облыстық білім басқармасы, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының жауапты мамандары, полиция департаменті, Қазақтелеком және Транстелеком АҚ мамандары, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Айта кетейік, «Ұлттық білім беру дерекқорында» (НОБД) қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген жалпы 2 639 білім беру ұйымы, оның ішінде мемлекеттік білім беру ұйымдары 63,5%, ал жекеменшік білім беру ұйымдарының 52,3%-ы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылғаны анықталды.

Облыстағы жағдайға келсек, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

Мемлекеттік 938 (оның ішінде: 909 мектеп; 25 колледж; 4 балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды.

Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылуда.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin