Түркістан қаласында корейлік «Woosong» университетінің филиалын ашу жұмыстары басталады

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Оңтүстік Кореяның «Вусонг» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сун Кюнмен кездесті. Қос тарап әріптестікті нығайту жолдарын талқылап, Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу бойынша келісімге қол қойды.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіз. Қазақта «Бір көрген – біліс, Екі көрген – таныс» деген сөз бар. Өзіңізбен бірнеше рет жүздесіп, жақын адамға айналдық десек болады. Тарихы мен мәдени мұрасы мол ежелгі қала Түркістан қарқынды дамып, заманауи білім беру және мәдени орталыққа айналуда. Шаһарымызда «Вусонг» университетінің филиалын ашу осы жолдағы маңызды кезең екені даусыз және мұның мультипликативті әсері зор болатыны анық. Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз Түркістан облысындағы білім беру жүйесін дамытуға баға жетпес үлес қосарына сенімдіміз. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады. Сауапты жобаны бастайын деп отырмыз. Бұл оқу орны Түркістан облысы мен Қазақстанның жастарына мүмкіндіке береді. Жастарымыз оқып, әлемде өздерін танытып жатса, бізге де абырой. Жуырда Корея Президентімен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы оқу орнын ашу бастамасына арнайы тоқталып, қолдау көрсетті. Бүгінгі осы жобамыздың келісіміне қол қою рәсімі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Келісімнің арқасында бірлесе отырып, көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырып, білім беру саласында маңызды жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз осы маңызды жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге дайынбыз. Өйткені, жобаның жүзеге асуына ең алдымен өзіміз мүдделіміз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Вусонг» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сун Кюн өңір басшысына алғысын жеткізді.

– Тарих пен мәдениеттің орталығы – Түркістанға келгеніме қуаныштымын. Біздің оқу орнын ашу бағытындағы келісіміміз жұмысты жеделдетеді. Сәуір айында Оңтүстік Кореяға арнайы келіп, оқу орнын ашу мәселесі бойынша келіссөз жүргізгеніңізді білеміз. Осы қысқа ғана уақытта көп жұмыс атқарып үлгергеніңізді көріп тұрмын. «Вусонг» университетінің 70 жылдық тарихы бар. 30 жылдан бері шетелдің студенттерін де қабылдап, білім беруде. Біз өз тарапымыздан Түркістандағы университетті Орталық Азиядағы көшбасшы оқу орындарының біріне айналдыруға бар күшімізді саламыз. Студенттеріміздің бәсекеге қабілетті, білімді болуына барлық жағдайды жасаймыз. Жобамыз сәтті жүзеге аса берсін! – деді ол.

Кездесуде екіжақты байланысты нығайту, жұмыс жоспарын реттеу, университетті ашу бағытындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қос тарап бұл жоба бойынша тұрақты түрде ақылдасып тұруға уағдаласты.

Еске салайық, биыл ақпан айының басында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Вусонг университетінің өкілдерімен жүздескен болатын. Мәртебелі меймандар Қазақстанда, соның ішінде Түркістан облысында «Вусонг» университетінің филиалын ашу мәселесін қарастырды. Сондай-ақ тараптар еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вусонг университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқылады.

Кездесуге «Вусонг» халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ю Тэк Ли, Вусонг білім беру қорының атқарушы директоры, басқарма мүшесі, Вусонг білім беру қорының стратегиялық жоспарлау бойынша директоры Тэ Хан Ким, стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы, Вусонг білім беру бөлімінің профессоры Йонгхва Джон қатысты.

Кездесу барысында ведомства басшысы Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім саласында жүргізіп келе жатқан нәтижелі реформаларымен таныстырды, сондай-ақ елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және ғылыми-технологиялық хабтар құру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жаңа экономика құру үшін ЖОО-дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды». Президенттің осындай іргелі бастамаларын жүзеге асыру бойынша Қазақстанда 12 шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылғанын атап өту керек. Біздің университеттер жыл сайын Кореяның ЖОО-мен қарым-қатынасын нығайтып келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы Қызылорда қаласында SeulTech жасанды интеллект және информатика жоғары мектебін аштық. Қазақстандық жастар Оңтүстік Кореяның мәдениеті мен біліміне қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Қазақстанда тағы бір Корея университетінің филиалын ашу туралы ұсынысын зор қуанышпен қабылдаймыз», — деп атап өтті министр.

Өз кезегінде Вусонг халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ю Тэк Ли қазақстандық университеттермен әріптестік орнатқаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.

«Біз бүкіл жаһан бойынша әлемдік деңгейдегі кампустарымызды ашуға бейілдіміз. Бізде 6 түрлі жаһандық гибридтерді ашу жоспары бар, әсіресе Орталық Азия елдерінде. Келешекте Орталық Азия білім орталығына айналады. Қазақстан – біздің оқу орнымыз үшін мәдениеті, мұрасы, әдет-ғұрпы жағынан ерекше жер. Ынтымақтастыққа бастамашы бола отырып, біз 4 түрлі білім беру моделін әзірлеуді ойластырамыз», — деп атап өтті Ю Тэк Ли.

Айта кету керек, «Вусонг» университеті Оңтүстік Кореяның Теджон қаласында орналасқан және әйгілі «Вусонг» білім беру қорының иелігіндегі білім ордасы болып табылады. Университетте 12 мыңнан астам студент білім алуда, қазіргі таңда 780 профессор біліктілігін арттыруда. «Woosong» кәсіптік және білім беру базаларын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 оқу орнымен ынтымақтастық аясында жұмыс істейді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin