Түркістан шаһарында гандболдан жасөспірімдер арасында қала біріншілігі өтті

Облыс орталығында жасөспірімдер арасында түрлі дәрежедегі спорттық сайыстар жүйелі ұйымдастырылып келеді.

Кезекті қала біріншілігі жасөспірімдер арасында гандболдан өтті. Екі күнге созылған жарыста 11-13 жас аралығындағы спортшылар қатысты. Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданынан жиналған 120-дан аса спортшы қызықты ойын көрсетіп, кіл мықтыны анықтады.

Тартысты бәсекенің нәтижесі бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп оқушыларынан жиналған «Түркістан» командасы оқ бойы озық шығып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Жүлделі екінші орынды кентаулық Махмуд Қашқари мектебінің командасы иеленсе, үшінші орынға Ахмет Байтұрсынов мектебінің (Түркістан қаласы) командасы жайғасты.

Қол добы (ағылш: Handball; орыс: Гандбол) — спорттық доп ойыны. 7-ге 7 ойыншыдан ойналатын топтық ойын, допты қолмен ғана ойнайды. Ойынның басты мақсаты — мүмкіндігінше қарсылас топтың қақпасына көбірек доп лақтыру.

Бұл спорт түрінің пайда болу уақыты 1898 жыл деп есептеледі, бұл спорт ойының Германияда дене шынықтыру мұғалімі Хольгер Нильсен ойлап тапты. Халықаралық қол добы федерациясы 1928 жылы құрылды. 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиялық ойындар бағдарламасына енді. 1946 жылы Халықарлық қол добы федерациясының ережелері өзгертіліп қайта құрылды. Қазақстанда қол добынан алғашқы жарыстар 1925 жылдан бастап өтіп келеді. Ал ресми жарыстар 1959 жылдан бастап өтуде. Қол добының әр командада 7 немесе 11 адам ойнайтын екі түрі бар. Алғашқысы 40×20 метр алаңда ойналады. Доптың салмағы 425–475 грамм, диаметрі 54–56 сантиметр, қақпаның ені 3 метр, биіктігі 2 метр. Ойыншылардың қақпа алдындағы 6 метрлік алаңға енуіне болмайды. Ойын 30 минуттық (әйелдер үшін 25 минут) екі таймнан тұрады. Қол добынан Қазақстан Республикасы әйелдер құрамасы 2002 жылы Азия чемпионы және 14 — Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Ойын жабық алаңда өтеді, бұл алаң тіктөртбұрыш секілді болып келеді және де бұл алаңның ұзындығы – 40 метр, ал ені болса – 20 метр.

Гандбол добы таза теріден және синтетикалық материалдан жасалады. Ол домалақ және тайғанамайтын, жылтырап тұратын болмауы қажет. Гандбол добының 3 өлшемі бар: 1) 8-12 жастағы балаларға арналған. Салмағы 290-330 грамм. 2) 12-16 жастағы балаларға арналған. Салмағы 325-375 грамм. 3) 16 жастан асқан адамдарға арналған. Салмағы 425-475 грамм.

Бұл спорт түрінің тарихы ежелгі замандардан бастау алады. Допты қолмен ойнайтын ойындар жайлы Гомердің «Одиссея» поэмасында, ежелгі римдік дәрігер Галенустың еңбектерінде жазылған. Ал орта ғасырларда осындай түрдегі ойындарды Вальтер фон дер Фогельвайде өз өлеңдерінде жыр еткен.

     Қазіргі заманғы қол добы немесе гандбол ойынын ХІХ-ХХ ғасырларда даниялық футболшылар ойлап тапқан. Дат футболшылары қыс мезгілінде футболдың орнына ойнауды әдетке айналдырған қол добының футболдан айырмашылығы – ойыншылар допты қолмен ойнайтын және әр команда құрамы алты ойыншы мен қақпашыдан тұратын. Ресми түрде бұл ойынның халықаралық спорт классификациясында тіркелген мерзімі – 1898 жыл. Дәл осы жылы даниялық Одруп қаласында орналасқан кәсіптік мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Хольгер Нильсен дене шынықтыру сабақтарына «haandbold» («haand» — қол, «bold» — доп) деп аталатын доп ойынын енгізеді. Ойынның негізгі ережесі – жеті-жеті ойыншыдан әр команда өкілдері бір-біріне допты асыру арқылы қарсылас ұжымның қақпасына гол соғу.

Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер бойынша мамандар бұл спорт түрі одан да ертерек пайда болған деген болжам айтуда. 1890 жылы Чехия елінде «Хазена» (лақтыру) деп аталатын халықтық ойын түрі кеңінен тарала бастаған екен. Қалай болғанда да, түбінде 1917 жылы берлиндік Макс Хейзер осы аталған екі ойынды қосып, «қол добы» деп аталатын әйелдерге арналған жаңа ойын түрін ойлап табады. Бір қызығы, бұл екі спорт түрінен жарыстар қатар өткізіліп, чехиялық «Хазена» мен германиялық «Қол добы» өзара бәсекелескен кездер де болған.

1926 жылы қол добы халықаралық спорт түрі деп танылып, бірқатар елдерде қарыштап дами бастады. Араға он жыл салып, гандбол олимпиадалық бағдарламаға енгізілді. Берлиндегі ХІ Олимпиада ойындарында алғаш рет осы спорт түрінен жарыс өткізіліп, Германия құрама командасы олимпиада чемпионы атанған. Ал халықаралық гандбол федерациясы (IHF) 1946 жылы құрылды.

Қазақ елінің намысын гандболшы аруларымыз ұзақ жылдар бойы абыроймен қорғап келеді. Қазақстан қол добынан әйелдер құрамасы 2008 жылғы Бейжіңдегі олимпиада ойындарына қатысып, Норвегия, Румыния, Қытай, Франция және Ангола құрамаларымен бір топта өнер көрсетті. Төртжылдықтың басты додасындағы бес ойында үш ұпай еншілеп, Қазақстан тобы бесінші орынға жайғасқан еді.

Оған қоса қазақтың қол добы шеберлері алты бірдей әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде бой көрсетіп, әлемдік аренада еліміздің намысын қорғаған. Осы күнге дейінгі әлем чемпионаттарындағы еліміздің әйелдер құрамасының қол жеткізген ең жоғары нәтижесі – 2007 жылғы жаһандық додадағы 18-орын.

Құрлықтық деңгейде де спортшыларымыз талай биіктерді бағындырған. Қазақстанның қол добынан әйелдер құрамасы екі дүркін Азия чемпиондары атанған. 2002 және 2010 жылдардағы Азия біріншіліктерінде гандболшы қыздарымыз алтын алқа тағынып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінген еді. Осыған дейін 11 құрлықтық біріншілікке қатысып үлгерген еліміздің құрама командасы әр чемпионатта кем дегенде үздік бестіктің қатарынан орын алып отырған. Құрлықтық сайыстармен қатар Азия ойындарында да отандастарымыз талай рет топ жарған. Атап айтар болсақ, 2002 жылы Пусанда және 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында күміс, ал 2014 жылы Инчхонда қола жүлде иегерлері атанған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin