Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы спорт нысандарында болып, мердігерлермен кездесті

Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың құрылыс жұмыстарының барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.

Осы ретте, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов спорт нысандарында болып, мердігерлермен кездесті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтап, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша тапсырмалар жүктеді.

Алдымен аппарат басшысы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Строй Сервис-7» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысан құрылысын биыл қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Спорт кешенінің жалпы алаңы – 1,8 гектар. Ал сыйымдылығы 1000 адамды құрайтын нысанның аумағы – 7 248,0 шаршы метр. Түркістан қаласының Бекзат Саттарханов көшесінде орналасқан кешен жертөлені қосқанда 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгідегі ғимаратта спорт және жаттығу залдары, 8 киім ауыстыратын бөлме, жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеті, күту залы, қонақтарды күту бөлмесі, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелер бар.

Спорт кешенінде Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебі орналаспақ. Жалпы, спорт кешенінде 76 жаттықтырушы жұмыс істейді. Мұнда спорттың 18 түрімен 1000-ға жуық бала тыңғылықты спортпен шұғылданып келеді.

Еркеғали Әлімқұлов «Тurkеstan-Аrena» орталық стадиондағы аяқталған жұмыстарды тексерді. Қазіргі таңда «Star-Stroi» ЖШС стадиондағы футбол алаңына жерасты жылыту жүйесінің құбырларын орнату жұмыстарын толық аяқтады. Стадионның шығыс беткейіндегі 2 қабатта жылу пункті құрастырылып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар «Almaty Aksu» ЖШС тарапынан футбол алаңын суару жүйесінің құбырларын орнату және құм төсеу жұмыстары аяқталды. Футбол алаңына көгал шөптерінің тұқымдары егілді. Ол автоматты түрде кесте бойынша суарылады және арнайы мамандардың бақылауында тұр. Қазақстан футбол федерациясының мамандары шілде айында стадионды инспекциялаудан өткізу жұмыстарын жүргізбек. Стадионның футбол алаңы толыққанды футбол ойнауға дайын және қыркүйек айына мач өтеді деп жоспарланып отыр.

Осы күні аппарат басшысы Теннис орталығының жұмысымен танысты. Орталық басшысына келішулерге толыққанды қолайлы жағдай жасау керек екенін ескертіп, бірқатар тапсырмалар міндеттеді. Мұнда 24 жаттықтырушы 270 баламен тұрақты жаттығулар өткізеді. 12 жасқа дейінгі балалар тегін қатысады. Орталыққа келушілер спорттың 3 түрінен: үлкен теннис, үстел теннисі және бадминтонмен шұғылдана алады. Теннис орталығының жалпы ауданы – 5006,88 шаршы метр, ал жер учаскесінің ауданы – 2,5 гектар.

Бұдан бөлек, Түркістанда жеке инвестор есебінен салынған спорт кешені толық аяқталуға жақын. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын замануи кешенде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Екі қабатты ғимарат киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, конференц-зал, асхана, медициналық көмек көрсету кабинеттері, күту залы, жаттықтырушыларға және әкімшілік құрамға арналған бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда арнайы спортшылар үшін қонақүй қарастырылған. Пара спортшылардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалған. Қазірдің өзінде футбол алаңшалрында ынталандыру ойындары, жолдастық кездесулер өткізіліп жатыр. Нысанды қыркүйек айында толық пайдалануға беру көзделген.

Жалпы, Түркістан облысында 3814 спорт нысаны тіркелген. Оның 2673-і білім беру мекемелерінде орналасқан. 3056 нысан — ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалалы жерде (20%) тіркелген. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 38,4 пайызға жетіп (жоспар 31 пайыз), жоспар толығымен орындалған.

Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейту керек. Аталған мәселе биыл 23 ақпанда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық беріп, типтік үлгідегі спорт кешендерін салуды тапсырды.

– Спорт саласында Түркістан облысының өз басымдықтары болуы тиіс. Олимпиада бағдарламасына енген белгілі бір спорт түрлеріне маманданып, нәтиже шығаратындай жағдай жасайық. Ол үшін барлық аудан, қалада типтік үлгідегі спорт кешенінің жобасын ұсыныңыздар. Сараптайық, қарап шығайық. Екіншіден, спортта әр ауданның өз ерекшелігі, басымдығы болуы тиіс. Мысалы, Шардара қол күресін жақсы дамытты, Түлкібаста күрес жақсы жолға қойылған. Осы жағын да зерделеп, нақты жоспар жасауды тапсырамын. Спорт кешендерін салуға инвесторларды да тартқан жөн. Бірақ нысан салатын аумақты әкімдіктер ұсынып, қадағалауы тиіс. Спорттың нысандар салу, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасады, – деген Дархан Сатыбалды спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды ескертті.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыста спорт инфрақұрылымын саралау нәтижесімен ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр. Талапқа сай емес спорт нысандары сарапталып, есептен шығарылуда. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» республикалық жобасы аясында өңірде 7 нысан (Бәйдібек – 2, Созақ – 1, Төлеби –1 Жетісай – 2, Мақтаарал – 1) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. 2024 жылы 12 нысан құрылысы аяқталады.

2023 жылы аудан, қалаларда 44 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 3 миллиард 939 миллион теңге.

Былтыр спорт мекемелері ғимараттарында 5 ағымдағы және 1 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 мекемеге 56 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мәжілісте ескек есу каналының құрылысын жалғастыру мәселесі де қаралды. Жоба толық жүзеге асу үшін қаражат керек. Ұсыныстар қарастырылады. Сонымен бірге халықаралық талапқа сай атшабар мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылысы да талқыланды. Атшабарда ат спортын дамытуға, ірі жарыстар, бәйгелер, көкпар бәсекесін өткізуге барлық жағдай жасалмақ.

Жанкүйерлер секторы да заман талабына сай жасақталады. Жарықтандыру жүйесі жасалып, балаларды атқа мінуге үйрететін орын да жасақталмақ. Ал Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Биыл жазда тапсырылады деп күтіліп отыр. Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын сапалы әрі уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Айта кетейік, Түркістан облысында мемлекеттік меншіктегі 100 спорт мекемесі мен кәсіпорындары тіркелген. Онда 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) спорт түрі дамытылып, 2426 жаттықтырушы 60173 баланы кәсіби түрде спортқа баулып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin